Жамбылда 80 млн теңгенің тауарын ұрлағандар ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 80 млн теңгенің тауарын ұрлағандар ұсталды

03.08.2023

Жамбылдағы қылмыстық топ «Қазфосфат» зауытының тыңайтқышын 4 ай бойы жымын білдірмей ұрлап келген. Бір қызығы қарақшылардың қылмысын кәсіпорын басшылығы емес, шетелдік тапсырыс берушілер әшкерлеген.

Өзбекстан кәсіпкерлері жеткізілген тауарды вагондардан түсіру кезінде біразының бос екенін байқайды. Сөйтсе біздегі пысықайлар жабық тұрған вагондардан қап-қап тыңайтқышты түсіріп отырған. Өзбек ағайындардан жеткен суыт хабардан кейін Желілік полиция 7 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады. Күдіктілердің екеуі сол зауыттың күзетшісі болып шықты. Олар 80 млн теңгенің тауарын қолды қылған. Оңай олжаға кенелгісі келгендер экспорт тауарын жамбылдық дихандарға сатпақ болыпты. Жасырын жерлерін тінту кезінде тағы 6 тонна аммафос тыңайтқышы мен 2 жүк көлігі тәркіленді.

Мейірхан Естемес, Көліктегі полиция департаменті бөлім басшысының орынбасары:

Зауыттан вагон жөнелтілген кезде ол жердегі вагондарға пломбалар салынып, өткізіледі. Пломбаларды мамандандырылған адамдар аршып, ішіндегі жүкті алып, қайта салып отырған. 3 тұлға үй қамағында отыр. Қалғандарына қатысты әлі шаралар қолданылып жатыр.


Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу