Алматыда 16 қабатты үйден шыққан өрттен 43 тұрғын зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 16 қабатты үйден шыққан өрттен 43 тұрғын зардап шекті

02.08.2023

Алматыда 16 қабатты үйде болған өрт кезінде 43 тұрғын зардап шекті. Тағы бір адам алған жарақатынан көз жұмған. Өкінішке орай, төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр. 12 ересек адам ауруханаға жеткізілсе, оның бесеуі ем қабылдау үшін жатқызылған. Оқиға орнында 23 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеген. Айта кетейін, кеше кешке Алматыдағы «Ақкент» ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, 300 адам эвакуацияланды.

5-ші қабаттағы пәтердің бірінде шыққан өрт жан-жаққа тез тарап, лифт шахтасындағы электр сымдары жанған. Осының салдарынан тұрғын үйдің ішін қою түтін алып кеткен. Тұрғындар терезеден секірген. Тілсіз жауды ауыздықтауға 10-нан аса техника мен 50 маман жұмылдырылды. Қазір тұрғын үй маңында жедел штаб құрылды.

Жергілікті әкімдік өртенген тұрғын үй кешеніне жауапты компаниямен келіссөз жүргізіп, бүлінген үйді қалпына келтіруге уағдаласқан. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз. Әкімдіктің дерегінше, зардап шеккен тұрғындарға ыстық тамақ пен жатын орын берілді. 


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу