Биыл Абай облысында 6 мыңға жуық оқушы сауықтыру лагерлерінде тынығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Абай облысында 6 мыңға жуық оқушы сауықтыру лагерлерінде тынығады

01.08.2023

Абай облысында биыл 12 сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр. Онда оқушылар жазғы демалысын тиімді өткізуге мүмкіндік алған. Мемлекет есебінен тегін жолдама аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға беріледі. Оған қоса осы жылы түрлі пәндік олимпиада, спорттық сайыстардың жүлдегерлері мен үздік оқушылар да лагерлерде тынығып жатыр.

Үржар ауданындағы «Үржар-айым» сауықтыру лагері шипалы Алакөл жағасында орналасқан. Жыл сайын жаз мезгілінде мыңдаған жасөспірім демалысты тиімді өткізеді. Оқушылар үшін тәрбиелік, ойын-сауық, сауықтыру бағдарламаларының түр-түрі қарастырылған.

Асылжан Нұржанқызы, оқушы:

Мен лагерге бұрын-соңды келіп көрмегенмін. Лагердің не екенін осы «Үржар-айым» лагері үйретіп жатыр. Барлық жағдай жасалған. Бастысы бұл жерде балардың көңілін табу. Демалдыру. Маған лагерь өте қатты ұнады.

Ақниет Оразғалиева, оқушы:

Алты уақыт тамақ береді. Екі уақыт Алакөлге апарып жуындырады. Өтке керемет. Тәлімгерлер біздің көңілімізден шығу үшін әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Әртүрлі жақсы нәрселер ұйымдастырды. Біздің бос уақытымыз болмады.

Демалыспен қатар жасөспірімдер шығармашылық, зияткерлік қабілеттерін дамытады. Ең бастысы, балғындардың денсаулығын түзетуге басты мән берілген. Лагердің Алакөл жағасында орналасуы да сондықтан.

Диана Смағұлова, аға тәлімгер:

Былтырғы жылдары алты күндік болса, биылғы оқу жылында балаларымыз өте бақытты. Себебі «Қазақстан халқына» қорынан 600 бала деп отырмыз ғой, сол балалар он күннен демалады. Оның ішінде 370 бала басқа аудандардан.

Сауықтыру лагерлеріне сұраныс көп болғандықтан алда қосымша үш ауданда жаңадан лагерь салу жоспарланып отыр.

Нұржан Ахметқалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

Даму жоспарына сәйкес келешекте үш жазғы сауықтыру лагерін қосымша салу жоспарланған. Жалпы жазғы сауықтыру лагерінен бөлек 5 маусымнан бастап барлық жалпы орта білім беретін мектептердің жанында лагерлер ұйымдастырылды.

Жалпы облыс бойынша биыл 6 мыңға жуық оқушы сауықтыру лагерлерінде тынығады.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу