Отандық үш бірдей клуб Конференция лигасындағы кездесулерін өткізді
Кеше отандық үш бірдей клуб Конференция лигасындағы жауапты кездесулерін өткізді. Екі команданың асығы алшысынан түссе, біреуі тең өнер көрсетті. Шымкентте өткен ойында көрермендер алаңдағы төреші шешімімен келіспей, наразылық танытты. Тартысты өткен ойындар туралы тілшіміз тарқатсын.
Бұл «Ақтөбе» футбол клубының Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы голы. Қазақстандықтар сырт алаңда грузиялық «Торпедомен» кездесіп, 4:1 есебімен айқын басым түсті. Алдымен Әлібек Қасым 34-минутта пенальтиді сәтті орындап, есеп ашты. Ал 43-минутта Милош Райчкович есепті еселесе, 73-минутта ойынға тыңнан қосылған Максим Самородов таблодағы көрсеткішті 3:0 етті. Қосымша уақытта «Ақтөбеліктер» тағы да қарсылас қақпасын дәл көздеп, матч 4:1 есебімен аяқталды. Қарымта кездесу 3 тамыз күні Ақтөбеде өтеді. Дегенмен, үздік ойыншылардың бірі жарақат алғаны көңілге қаяу түсіреді дейді бас бапкер.
Андрей Карпович, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері:
Қорғаушымыздың жарақат алып қалуы – осы матчтағы ең өкінішті жағдай дер едім. Сондықтан біз жаңадан келген ойыншыларға сенім артамыз. Олар келесі ойында алаңға шығады. Әрқайсымен жеке-жеке сөйлестік. Бәрі дәл қазір команда үшін барын салу керегін түсініп отыр. Себебі бірнеше тәжірибелі ойыншының жарақаты бар.
Ал «Тобыл» клубы сырт алаңда Швейцарияның «Базелінен» басым түсті. Ойынның алғашқы жартысында жергілікті команда тізгінді өз қолына алған. Тартысты өткен матчта алаң иелері 2 бірдей қызыл қағаз алды. Соған қарамастан 25-минутта Тьерно Барри өз командасын алға шығарды. Екінші кезеңде «Тобыл» таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 57-минутында қостанайлық Серж Дебле пенальтиді шебер орындады. Одан кейін Рамазан Оразов - 62, Ислам Чесноков - 71-минутта мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп 3:1. Енді қос тарап 3 тамызда Қостанайда кездесіп келесі кезеңге жолдаманы сарапқа салады.
Дәл осы конференция лигасы аясында шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында Варшава қаласының «Легиясын» қабылдады. Кездесу ә дегеннен тартысты басталды. Алаң иелері 13-ші минутта есеп ашты. Авторы - Всеволод Садовский. Ал, екінші кезеңде сенегалдық легионер Мамаду Мбодж таблодағы нәтижені есеп айырмасын арттырды. Ал қонақтар матч соңына дейін есепті теңестіріп үлгерген. Бірақ қарсыластар соққан голға жанкүйерлердің көңілі толмады.
Руслан Бақытжан, спорт комментаторы:
Бұл жерде төрешінің қателігі бар. Әсіресе Легияның екінші голы таза оффсайд. Одан бөлек соңғы минуттарда Ордабасы пенальти тебу керек болды. Бұл жерде УЕФА-ға үлкен сын айтуға болады. Өйткені конференция лигасының іріктеу ойындарында ВАР жүйесі жоқ деген өте ұят нәрсе. Соның салдарынан біздің команда опық жеп қалды.
Енді тараптар 2 тамыз күні Варшавада қарымта кездесу өткізеді. Легия стадионындағы матчта Ордабасыға оңай соқпайтыны анық. Себебі қарсыластар өз алаңында барын салары сөзсіз.
Серік Селеубайұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы