Бұдан былай қазақстандықтардың несие алуы тәртібі қатаңдатылады. Енді қарыз алушы түр-сұлбасын биометриялық идентификаттаудан өткізуі қажет. Яғни жеке куәлігіңіздегі суретіңіз бен видеодағы түріңіз тұп-тура сәйкес келуі шарт. Қаржы нарығын реттеу агенттігі осылайша интернет алаяқтардың жолын кесу үшін арнайы заң жобасын әзірледі. Десе де, экономистер алаяқтардан айла артылмайтынын ескертіп отыр.
Алматылық Айзада Мұзараптың сыртынан бәзбіреулер онлайн тауар рәсімдеп, артынша төлемді оның шотынан тікелей аудара бастаған. Айналдырған екі минуттың ішінде 5-10 мың теңгеден бөліп-бөліп, 100 мың теңге шешіп үлгерген. Әккілер екенін бірден ұққан ол, банк картасын дереу бұғаттап, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойыпты.
Айзада Мұзарап, қала тұрғыны:
Кейін банкке хабарласқан болатынмын, шағыммен ақшаны қайтарып беру жөнінде. Өйткені ол менің жасаған покупкам болмаған, оған ешқандай қатысым жоқ деп айттым. Кейіннен олар маған ақшамды толығымен қайтарып берді. Сосын Әуезов ауданы бойынша арыз түсірген болатынмын. Бірақ ол жақтан ешқандай жауап келген жоқ.
Яғни, алаяқ әлі ұсталмаған. Енді бөтен біреудің сыртынан осылай оп-оңай несие рәсімдейтін әккілердің жолын кесу үшін Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірнеше тәсіл қолданбақшы. Алғашқысы, несие алушы электронды қолтаңба арқылы жеке деректерін енгізуі қажет. Одан кейін түр-сұлбасын биометриялық идентификаттаудан өткізуі шарт. Сарапшы Айбар Олжай алаяқтардың алыстан келмейтінін ескермесек, олар жаңа талапты да айналып өтетінін айтады.
Айбар Олжай, экономикалық сарапшы:
Айналып өте алады егер де кодтарға, қауіпсіздік процесіне қолдары жетсе. Микроқаржы ұйымдарының ішінен базалардың утечкасы біріншіден, екіншіден, мүдделі адамдар беріп жатқан жоқ па деген. Егер сол жұмыс тоқтамаса, верификация істеудің ешқандай практикалық көмегі болмайды. Микроқаржы ұйымдарын бөлек тексеру керек. Техникалық аудит деген бар. Қызметкерлер соңғы уақытта кіммен сөйлесті, бәріне тексеру керек. Басшысы болмаса да, орта қызметкер менеджерден келуі мүмкін.
Ал Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығы бұл талапты шағын компаниялардың орындап жүргеніне 2 жылға жуықтады дейді. Тек бұл жолы Агенттік талапты күшейтіп отырғанын алға тартты.
Ербол Омарханов, Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы:
Алаяқтардың күн сайын ойлап тауып жатқан түрлі айла-амалдарына қарсы төтеп беру үшін енді биометриялық идентификация, екі реттік аутентификация қолданылады. Тіпті, клиенттің шынайы және жеке куәлігіндегі түрінің сәйкестігі «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорындағы мәліметпен тексеріледі. Бүгінде 250 микроқаржы ұйымы бар. Олардың бәрі осы талапты орындауға міндетті.
Ал лицензиясыз жұмыс істейтін ұйымдарға алданып қалмаудың жолы әзірге пайыздық үстемені есептеу екенін айтады мамандар. Мәселен, шағын кредиттік ұйымнан ұзақ мерізімге, яғни, бірнеше жылға несие рәсімдесеңіз, онда оның жылдық пайызы 56 пайыздан жоғары болмауы керек. Сондай-ақ, онлайн несие рәсімдеуде займның жылдық сыйақы мөлшерлемесі оның 30 пайызынан аспауы керек. Мамандар, егер бөтен біреудің сіздің атыңыздан несие алғанын білсеңіз, жергілікті полиция және Қаржы нарығын реттеу агенттігіне шағым жазыңыз деген кеңес береді. Өйткені мұндай жағдайда ол кредитті ұйым кешіруі мүмкін.
Әйгерім Ердәулет