Павлодар облысында жанар-жағармай тапшылығы сезіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында жанар-жағармай тапшылығы сезіле бастады

27.07.2023

Павлодар облысында бензин тапшы. Баянауылда жанар жағар май әр көлікке 15 литрден ғана сатылып жатыр. Ал, өңірдің бірқатар аудандарында Аи-92, Аи-95 маркалы бензин мүлдем жоқ. Жергілікті мұнай-химия зауытының ресми мәліметіне қарағанда кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жұмакелді Мүрсәлімұлы бензин және дизель отыны саудасымен айналысатын кәсіпорынның менеджері. Сауда тоқтағалы бір айға жуықтады, өнім жоқ дейді.

Жұмакелді Әкежаев, кәсіпкер:

Бізде бірнеше ауданда сосын Ақсу, Павлодар қаласында жана-жағармай станциялары бар. Соның көпшілігінде қазіргі күні бензин жоқ. Біз енді шамалы резервке ұстап қаламыз. Өйткені өзімізде де автотранспорт бар. Біз жүк тасу қызметін көрсетеміз. Резервті алып қиналғанда жергілікті әкімшілік өкілдеріне біз оны босатамыз. Оның өзінде шамалы ғана.

Екібастұз ғана емес, Павлодарда да АИ-92, АИ-95 маркалы бензин тапшы. Ал облыс орталығынан ең қашық орналасқан Баянауылда бірнеше күн бензин болған жоқ. Бүгін ғана жеткізілді. Қазір әр көлікке 15 литрден беріп жатыр.

Нұрғали Қарпаев, жүргізуші:

Бір шеті Қарағанды, Астана, Павлодардан келіп отыр туристер мына Жасыбайға. Бірақ бензин жоқ. Әкімшілік ешқандай жағдай жасап отырған жоқ. Біз Павлодарға барып өзімізге канистрмен бензин әкелеміз жүру үшін. Бірақ келген қонақтарға қиыншылық. Бензин іздеп жүр ауылдан. Анадан бір, мынадан бір сұрайды. Кімде бар көмек жасайды. Кімде жоқ, енді жағдай солай болып отыр.

Павлодар мұнай-химия зауыты шикізатты еш кідіріссіз өндіріп жатырмыз деп жауап берді. Тәулігіне 15 мың тонна өнім шығаруда. Ал көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер жанар-жағармайды қайда жіберіп жатқаны жұмбақ.

Сағыныш Нұркімбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Облыс бойынша 749 тонна Аи-92, 206 тонна Аи 95, 483 тонна дизель отыны бар. Иә, кейбір жанар-жағармай құю бекеттері талонмен босатып жатыр. Өйткені олар еркін саудаға шығаратын өнімді сатып жіберген. Енді әлеуметтік қызмет мекемелеріне арналған қорды сарқып алмау үшін талонмен қызмет көрсетеді.

Жауапты мекеме өкілдері тек Баянауылда ғана Аи-95 бензинінің жоқ екенін айтады. Олардың есебі бойынша басқа аудан, қалаларда тапшылық болмауы тиіс. Бірақ көлік тізгіндеген жұрт ақшасына бензин таба алмай әлек.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу