Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 500 млрд теңге бөлінген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 500 млрд теңге бөлінген

25.07.2023

Биыл елімізде бірнеше бағыт бойынша кәсіпкерлікті қолдауға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 500 млдр теңге бөлінген. Пайызы төмен, жеңілдетілген несиелер жеке және тартылған коммерциялық қаражат есебінен беріледі. Қазір «Кең дала», «Агробизнес»,«Іскер» және «Жас кәсіпкерді» қолдау атты төрт бағдарлама жұмыс істеп тұр.

Тобыл қаласындағы үй жиһаздарына қажетті тақтайшалар дайындайтын цех өз жұмысын қаңтар айында бастаған. 5 адам еңбек етеді. Айына 500 шаршы метр өнім дайындалады. Жас кәсіпкер Виталий Кучербаев «Іскер» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясынан» 12 млн теңге несие алыпты. Сөйтіп осы бизнесті бастаған.

Виталий Кучербаев, кәсіпкер:

Егер банктерден алсаң оның үстеме пайызы өте көп болар еді. Ал мұнда 6 пайыз ғана. Несиені өтеу кестесі де тиімді. Алғашқы төлемді алты айдан соң жасайсың. Сосын үш айда бір рет төлейсің.

Еліміз бойынша корпорацияның қаржыландыру жоспары биыл 500 млдр теңге болса, соның 25 миллиарды Қостанай облысына бөлінген. Бүгін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Айдын Досқараев жергілікті бизнес өкілдерімен кездесіп, олардың несие бағдарламалары мен субсидияға қатысты сауалдарына жауап берді. Несиелеуді жеңілдету үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Біз «Агронесие» атты өзіміздің интернетте смартфонға арналған қосымашамызды істедік. Қазір осы қосымша арқылы мысалы «Іскер» бағдарламасымен несие алуға өтініш беруге болады.

Бұл өз кәсібін бастасам деген қарапайым азаматтардың несие рәсімдеуін едәуір оңайлатады. Мысалы шалғай аудан тұрғындарының сабылып облыс орталығына келмей-ақ өтініш беруіне мүмкіндік туады. Жыл сайын бизнесті корпорация арқылы қаржылай қолдау артып келеді. Мысалы биыл бұл көрсеткіш облыста былтырғымен салыстырғанда 38 пайызға өскен.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу