Елімізде кибер қылмыс саны азаяр емес. Биылғы алты айдың өзінде 9500 заңбұзушылық тіркелген. Интернеттегі алаяқтық әсіресе Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында көп. Онлайнда опық жеп қалмаудың амалы қандай? Деректерді ұрылардан қалай сақтаймыз?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Маңызды мәліметтер, есепшот нөмірлері, жеке парақшалар мен пошталардың құпия сөздері. Қазір адам жайлы ақпараттың бәрі де желіде. Ал бұл өте құнды дүние. Оған қызыққан алаяқтар мен онлайн ұрылар да көбейіп отыр. Олар түрлі қулықпен мәліметтерді қолына түсіріп, сізді әп-сәтте көк тиынсыз қалдыруы мүмкін.
Онлайн алаяқтықтың көпшілігі интернеттегі сауда алаңдарында жасалады. Көріп, ұстап көрмеген тауарға алдын ала ақша жіберіп, жер сипап қалғандар аз емес. Танымал компаниялардың атын жамылған жалған сайттар мен күмәнді сілтемелер де қауіпті. Сол арқылы көбіне төлем картасы мен құпия сөзі қолды болады. Банк қызметкері болып телефон шалатындар да азаймай отыр. Бұл қылмыстық схеманы көпшілік жақсы білсе де, қармаққа түсіп қалатындар бар.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының аға жедел уәкілі:
Бір жәбірленушінің 150 миллиондай депозитінде ақша болған. Банк қызметкері ретінде телефон шалған. Бір ай бойы ол депозиттегі ақшаны шешіп, арнайы алаяқ берген шотқа жібере берген. Бір ай ішінде не ішкі істер органдарына, не арнайы адамдардан кеңес алмаған.
Мамандар кибер қылмыскерлердің құрығына түспеу үшін қарапайым ережелерді сақтау керек деп отыр. Арзан тауардың жарнамаларына сене беругүе болмайды. Телефонға келген күмәнді сілтемелерді ашпаған жөн. Күдік тудырған сайттарға жеке деректерді қалдыруға болмайды. SMS арқылы келген және банк қосымшасының құпия сөзін ешкім білмеуі керек. Бейтаныс адамдардың өтінішімен телефонға қосымшаларды орнатпаңыз. Карта бойынша лимиттер мен шектеулер қойған жөн. Және қосымшалар мен парақшалардың құпиясөздеріне мұқият болу керек.
Азат Мақсатұлы, IT-маман:
Пароль біріншіден, ұзын болуы керек, оңай болмауы керек. Екіншіден, онлайн түрде сақтамаған жөн. Үшіншіден, барлық жерге бірдей пароль қоймау керек. Банктен хабарласып тұрмын дегендер көбейіп кетті ғой, соңғы уақытта. Олармен күресудің тағы бір амалы, телефонды қойып, өзіңіз банкке хабарласқан дұрыс.
Интернеттегі қылмыстың басым көпшілігі ашылмайды. Биылғы 6 айдың өзінде ел азаматтары 6 млрд теңгеге алданып қалған. Сондықтан да әрдайым сақ жүрген абзал.
Шерхан Жамбылұлы