Ақтөбеде «Оңтүстік-Батыс» ауданының халқы ондаған жыл бойы жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде «Оңтүстік-Батыс» ауданының халқы ондаған жыл бойы жол азабын тартып келеді

20.07.2023

Ақтөбе қаласына қарасты «Оңтүстік-Батыс» ауданының халқы, ондаған жыл бойы жол азабын тартып келеді. Тұрғындар «Қысы-жазы резеңке етік киіп жүруге мәжбүрміз» дейді. Үш жыл бұрын әкімдік жаңа жол саламыз деп уәде берген. Бірақ, ол уәде орындалмады.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мына жолмен жаз мезгілінің өзінде су мен балшық кешпей жүру мүмкін емес. Ал, жол мен үйлердің ортасын мынадай қалың қамыс басқан. Тұрғындар «Қала орталығында емес, үлкен орманның ортасында тұрып жатқандаймыз» дейді.

Бұл көшелермен көліктердің өзі әрең өтеді. Жаңбырлы күндері тіпті қиын. Жол болмағандықтан таксилердің өзі келмейтін көрінеді. Жедел жәрдем шақыру да оңай емес. Тұрғындар ондаған жыл бойы осылай балшық кешіп өмір сүріп жатыр.

Гүлнұр Еркеналина, қала тұрғыны:

Ешкім бізге қарамайды, акиматтың бізбен шаруасы жоқ. Біздің цивилизациядан мына үйлермен бөліп тастады.Біз өзімізбен өзіміз балшыққа батып, балалар сабаққа бара алмайды, садикке бара алмайды.Біз жұмысқа бару үшін даже такси келмейді. Біздің жағдайымыз - осы.

Осы уақытқа дейін тұрғындардың шағымданбаған жері қалмаған. Халықтың айтуынша, мұнда үш жыл бұрын жол салынуы тиіс еді. Алайда, жауаптылар ол уәдені орындауға асығар емес.

Жұмабек Сайымов, қала тұрғыны:

Жүре алмаймыз, шындығы керек, жүре алмаймыз. Қайда барамыз мына батпақта? Отырмыз үйде. Әлі-міне деп әлі созбалақтап келе жатыр ғой, шегі жоқ оның.

Балшық кешкен тұрғындармен кездесуге әкімдік өкілдері келді. Айтуларынша, елді мекен көшелеріне биылдан бастап асфальт төселе бастайды.

Ернар Қалауов, қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:

ПСД дайындалды, экспертизадан оң нәтижесін алды.Ход жүрді деген сөз.Енді қалып тұрғаны 20 проценттік жұмыс қалып тұр. Облыстық сессияда ақша бөлінсе, сосын сол ақшаны порталға салып, обьявления жариялаймыз.Мердігер мекеме анықталса, жұмыс басталады.

«Оңтүстік-Батыс-1» және «Оңтүстік-Батыс-2» деп аталатын бұл аудандарда 5 мың шамасында халық тұрады. Жауаптылардың айтуынша, алдымен қоғамдық көлік жүретін жолдар жөнделеді. Ал, тұрғындар бұл жолғы уәде де созбалаңға салынып кетпесе деп тілеп отыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу