Ұлыбританияда бір рет пайдаланылатын вейптерге тыйым салу мәселесі көтеріліп жатыр. Өйткені пластиктен жасалған электронды темекілер денсаулыққа ғана емес экологияға да зиян деп отыр.
Марина Бекенова, тілші:
Англия мен Уэльстегі жергілікті өзін-өзі басқару кеңестері дабыл қағуда. Вейптің пластикалық құтылары қоршаған ортаны ластағаны былай тұрсын, құрамында литий батареясы болғандықтан өрт жағдайларын туғызады.
Ал электронды темекілердің құтысын қайта өңдеу қымбатқа түседі. «Салық төлеушілердің ақшасын үнемдеу үшін шұғыл шара көрілу керек», - дейді олар.
Дэвид Фотергилл, Жергілікті өзін-өзі басқару қауымдастығының басшысы:
Апта сайын 1,3 миллион вейп далаға тасталады. Олардың бәрін қосса, 22 футбол алаңын толтыруға болар еді. Бір реттік вейп саудасына 2024 жылдан бастап, тыйым салуды ұсынамыз.
Вейптің бағасы қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы. Қолданып болған соң ескісін лақтырып, жаңасын сатып алуға болады. Пластикалық құтысы түрлі-түсті, дәмі тәтті. «Бұл маркетингтік айла-тәсілге, әсіресе, балалар алданып отыр», - дейді мамандар.
Майк Маккин, балалар дәрігері:
Вейпинг өскелең ұрпақ арасында эпидемияға айналып барады. Қазірдің өзінде электронды темекінің кесірінен тыныс алуы қиындаған балалардың саны күннен-күнге артуда.
Вейптердің саудасын Еуроодақ 2026 жылдан, ал Франция алдағы желтоқсаннан бастап тоқтатпақ. «Сол тұста Ұлыбританияға электронды темекілер ағылады деген қауіп бар», - дейді мамандар.
Марина Бекенова