Жетісу облысында егін орағы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында егін орағы басталды

19.07.2023

Жетісу облысында егін орағы басталды. Қазір дәнді-дақыл ору жұмыстары Кербұлақ және Көксу ауданында қызу жүріп жатыр. Биыл өңірдің егістік алқабы 260 мың гектар. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты түсім аз болуы мүмкін, дейді шаруалар.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Биыл Жетісу өңіріне жауын-шашын аз түсті. Жерде ылғал мүлдем жоқ. Салдарынан арпа-бидай да көтерілмеді. Бірақ ең бастысы басында дән бар. Көксулық шаруалар тәлімді жердің өзінен 20 центнерден өнім алып жатыр.

Алғабас ауылындағы егістіктің басым бөлігі тәлімді жерде. Аспаннан жаумаса жерден өне қоюы екі талай. Қазір диқандар 800 гектар аумақты оруға кірісті. Күннің аптап ыстығына қарамастан арпаны шашау шығармай жинап жатқандардың бірі - механизатор Сергей Садовой.

Сергей Садовой, механизатор:

Бес күн шауып жатырмыз. Комбайн вроде сынбай жүр. Урожай 20-дан айналып жүр. Бәрі дұрыс. Солярка бәрі бар.

Бұл шаруашылықтың егіншілікпен айналысқанына 20 жылға жуықтады. Биылғы орақ науқанына 4 комбайн шығарды. 10 шақты адам еңбек етіп жатыр. Басым бөлігі жастар. Тәлімді жерден жақсы өнім алу үшін жердің де күтімі қажет, дейді диқандар.

Нұрлан Қалибаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Биыл енді ауа-райы ыстық болып тұр. Соған қарамастан ертерек егінімізді егіп, орып алып, қоймаға кіргізіп алсақ, соның өзі жақсы нәтиже деп ойлаймын. Жерді тыңайту мәселесіне көп көңіл бөліп жатырмыз. Өйткені жерге бермесек, жер ана саған ештеңе бермейді.

Биыл Жетісу облысы бойынша 263 мың гектар алқапқа дәнді дақыл себілді. Орта есеппен 860 мың тоннадан астам астық бастыру көзделуде.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу