Президент Джидда қаласына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Джидда қаласына жұмыс сапарымен барды

19.07.2023

Мемлекет басшысы Орталық Азия және Парсы Шығанағындағы араб мемлекеттерінің саммитіне қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары Мұхаммед Пайғамбар мешітіне барып, зиярат етумен басталды. Бүгін өтетін келелі жиында қандай мәселелер талқыланбақ?

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Медина – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігіне сапарын осы шаһардан бастады. Әуелі Мұхаммед пайғамбар мешітіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентінің келуіне орай ерекше құрмет көрсетілді. Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды. Бұдан кейін Президент Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Жидда қаласына келді. Мемлекет басшысын әуежайда Мекке провинциясы губернаторының орынбасары мен Жидда провинциясының губернаторы қарсы алды. Мұнда бірер сағаттан кейін Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі өтеді. Шараға 11 елдің мемлекеттер басшылары қатысады. Бұл араб елдері мен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммиті.

Эбтесам Әл-Кетби, Әмірліктердің саясат орталығының президенті:

Парсы шығанағы елдері Орталық Азияға стратегиялық маңызды өңір ретінде қарайды. Сол себептен ынтымақтастықты арттыруға зор қызығушылық танытып отыр. Инфрақұрылым, инвестиция салаларындағы сұрақтар саммитте кеңінен қаралады деп күтіп отырмыз.

Жалпы Сауд Арабиясы корольдігі – Таяу Шығыстағы ең бай әрі экономикасы тұрақты елдердің бірі. Әлемде мұнай қорымен екінші орында. Қара алтынды өндіру және экспорттау бойынша көшбасшы үштіктің қатарына кіреді. Корольдік ОПЕК-те шешуші рөль атқарады. Әлемдік мұнай бағасын реттеуге ықпал етіп отыр. Ал Қазақстанмен байланыс артып келеді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналым екі есеге өсіп, 16 млн доллардан асты. Дегенмен сарапшылар бұл әлі де аз дейді. Оған көлік логистика мәселесі кедергі.

Ерлан Байдәулет, азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры:

Қазақстан мен Қытай арасында Хоргос деген неміз бар, порт дейміз ғой. Сол порт арқылы Сипек жолына шығуымыз керек. Ол мәселе қазір Премьер Министрдің деңгейіне көтерілді. Осы жол ашылатын болса, бәрімізге жақсы болады. Екінші мүмкіндігі Пакистанға шығу үшін Ауған арқылы. Қазақстан Парсы шығанағы арасында экономикалық қарым қатынасты күшейтуіміз керек. Оған толық потенциал бар. Әлемдегі бес ірі агро потенциалды елдердің біріміз. Бірақ та соның өзінде экспортқа шығаратын затымыз аздау.

Сарапшылар саммитте сауда саттықтан бөлек азық түлік пен энергетика қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі деп отыр. Қазір де біздің бидай мен ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі артуы мүмкін. Ал саммитке дейін Қасым Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды кездесу өткізеді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу