Заң бойынша орман мен егістік арасында 20 метр қорғаныс жолағы болуы шарт. Алайда шаруалар жерді ағашқа дейін жыртып, егін салады. Орманшылар диқандарды жауапқа тарта алмай отырғандарын айтады. Себебі орман кодексінің талабын бұзғандарды жазаға тарту тетігі қарастарылмаған. Ал диқандар қауымының өз уәжі бар. Әріптесім Эльмира Кәленова қос тараптың пікірін білген еді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Солтүстік Қазақстан облысында 550 мың гектардан астам орман алқабы бар. Бәрінде дерлік осындай картина. Өздеріңіз көріп тұрғандай егістік пен ағаш арасындағы қашықтық 5 метрге де жетпейді.
Егіс алқаптарын химиялық өңдеу кезінде ағаштарға зиян келеді дейді орманшылар. Әрі орманды түбіне дейін жырту – өрт қауіпсіздігі талаптарына қайшы. Алайда шаруаларды жауапқа тарту мүмкін емес.
Назар Қапаров, Соколов орман шаруашылығы мекемесінің директоры:
Жерді көбірек егіп, сосын көбірек табыс алғысы келеді, сондықтан осылай орманның қасына, басқа да далаңқы жерлерді жыртып, егін егіп тастайды.
Хабиболла Дәуренбеков 20 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келеді. Диқан орманшылар өз міндетін тиісті деңгейде орындамайтынын, қорғаныс аумағын өңдемейтінін айтады. Салдарынан ағаштар жайылып өсіп, егіс алқаптары тарылып барады дейді шаруа.
Хабиболла Дәуренбеков, шаруа:
Ағаш шыға береді ғой. Оны ешкім минполоса қылып, обработка істемейді. Ал қазір міне, тағы да былай жер қалса иа, ол 5-10 жылда тағы да мынау молодняк ағаш, қайың шығып кетеді. Сосын 50 жылдасын тағы да ары қарай кетуі керек. Сонда алқаптан не қалады? Барлық жер үлескерлердікі, халықтікі.
Ал халыққа нан да, орман да керек. Заңдағы олқылықты жойып, таразы басын теңестіру үшін облыстық табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Экология министрлігіне арнайы хат жолдады.
Василий Лобанчук, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім жетекшісі:
Заңда 20 метрлік қорғаныс аймағында не істеуге болмайтыны нақты көрсетілмеген. Ағаштар кеуіп жатса ғана біз қандай да бір әрекет ете аламыз. Сондықтан орман кодексіне жерді жырту, химиялық өңдеу сынды жұмыстарды жүргізуге тыйым салу сынды талаптарды енгізуді сұрап отырмыз.
Жылдар бойы жалғасып келген проблемаға Семейдегі орман өрті назар аудартты. Шаруалар мен орманшылар арасындағы даулы мәселенің нүктесі қашан қойылары әзірге белгісіз.
Эльмира Кәленова
