Жамбыл облысында барлық бағыттағы пойыздар біртіндеп қозғала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында барлық бағыттағы пойыздар біртіндеп қозғала бастады

17.07.2023

Жамбыл облысында темір жол бойындағы апаттан кейін жолаушылар пойызының қозғалысы реттеле бастады. Түнгі 2 лер шамасында «Аспара» станциясында Тараз-Шу бағытындағы жүк пойызы жолдан шығып, 2 электровоз бен тепловоз және 4 вагон аударылып қалды. 13 бағытта пойыздар кестеден кешікті. Түс ауа 10 бағыт бойынша қатынас реттелді. Дегенмен, кей бағытта тежелген пойыздар тек бір тәуліктен кейін ғана өз уақытысымен жүре алады. Сондықтан, жолынан қалған жолаушылар әлі де күту залдарында сағаттап отыруға мәжбүр. Мәселен қазір Тараз вокзалында жолынан кешіккен 100-ге жуық адам отыр. Ал жолаушылардың тағы бір қалың шоғыры Шу және Луговой вокзалында тұр. Ал шіліңгір шілдеде күн астында қалған жолаушылар қалпына келтіру жұмыстары баяу жүріп жатқанына наразы.

Серік Демесінов, Маңғыстау облысының тұрғыны:

Мұндай кезде тегін болу керек, әжетхана бәрі. Су беріп, жағдайын жасап беру керек елдің. 7 сағат болды отырғанымызға. Оңай емес қой мынау. 40-45 градус ыстықта күтіп отырмыз енді.

Ал темір жол тарапы кептеліс кесірінен жолынан қағылғандарға әр сағат үшін билет құнынан 3 пайыз өтемақы төлеп бермек. Айта кететейік, оқыс оқиға түнгі 2-лер шамасында. Адам шығыны жоқ. Ал жарақат алған вагон күзетшісі ауруханада. Апат салдарынан рельстің 50 метр бөлігі бүлініп, бірнеше электр бағаны зақымданған. Желілік полиция «темiржол көлiгi жүрісі және оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу» бабы бойынша тергеу жұмысын бастады.

Дидар Мүсреталиев, Тараз вокзалының басшысы:

Электр желілері үзіліп, соған нелері болмай тепловозбен алып келіп, Луговойдан локомотивтерді ауыстырып жатырмыз. Шамамен 18:00-ге дейін қалған үш пойыздың барлығын өткізіп, бір тәуліктің көлемінде бұрынғы бекітілген өз кестесі бойынша жүретін болады.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу