Әріптесіміз телеоператор Ерболат Қуанышевтің қызы Адиляға көмек қажет. Туғаннан бір құлағы естімейтін бүлдіршіннің күрделі отасына 100 мың доллардан астам қаражат қажет. Дәрігерлер операцияны жеделдетпесе, сау құлағы да естімей қалу қаупі бар екенін айтады.
6 жасар Адиляның арманы асқақ. Соның бірі - өзі қатарлас балалармен асыр салып, бірге ойнау. Алайда бір құлағының жоқтығынан ес біле келе ыңғайсыздана бастаған. Қазір балалық шағының көбін ауруханада өткізіп жүр. Ата-анасы барын салып, отаға қажетті соманы өздері жинауға тырысқанымен, қомақты қаржыны табуға қауқары жетпей отыр.
Ерболат Қуанышев, Адиляның әкесі:
Амал жоқ халықтан сұрай бастадық. Мемлекетке жүгіндік. Өкінішке қарай, ол жақтан еш көмек болмаған соң қарапайым халықтан көмек сұрап, бір жылдың үстінде Аллаға шүкір, көп нәрсе істедім. Соның арқасында 23 млн теңгедей жиналды. Бірақ әлі де оның жартысын жинауым керек.
Қазір әлем бойынша құлақ тұсының сүйегі туа бітті жабық адамдарға ота жасайтын маман тапшы. Елімізде де мұндай мүмкіндік жоқ. Адиляның ата-анасы барлық клинкаларды салыстыра келе, таңдауы Америкалық дәрігерге түскен. Оның жұмысының нәтижесін отандық мамандар да жоғары бағалап отыр.
Айгүл Медеулова, жоғары санатты лор-дәрігер:
5-6 жылдың ішінде жасанды есту жолы, құлақтың қалқаншаларында ешқандай мін жоқ. Бәрі жабылған жоқ. Есту қабілеті де қалпына келтірілген. Бүкіл әлемде бар 3-4 санаулы дәрігер бар. Мысалы, уақыт өте келе 3 жылдан кейін, бір жылдан кейін тесіктер жабылып қалады.
Уақыт өте Адиляның сау құлағы да нашарлап барады. Қазір есту қабілеті 75% -ға дейін төмендеп кеткен. «Үміт көп, алайда уақыт тапшы болып тұр»,- дейді әкесі Ерболат Қуанышев.
Ерболат Қуанышев, Адиляның әкесі:
Егер бұл операцияны жасамасақ, екінші құлағы да естімей қалуы мүмкін болашақта. Себебі холестеатома сияқты дүние бар. Мысалы, ішіне ірің толып кетіп, миға кетіп қалып жатса, оны ары қарай айтқым да келмейді. Ол өте ауыр, қайғылы жағдайға келтіруі мүмкін.
Ата-ананың ендігі бар уайымы қажетті соманы тезірек жинау. Америкалық дәрігерден былтыр шақырту алған. Жыл сайын отаның құны да өсіп барады дейді. Өткен жылы 99 мың АҚШ доллары болса, биыл 105 мың долларға өскен.
Қуан Нұрақын