Коммуналдық шығынның бір бөлігін мемлекет төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коммуналдық шығынның бір бөлігін мемлекет төлейді

13.07.2023

Тұрғындар үшін коммуналдық төлемнің бір бөлігін мемлекет төлейді. Яғни, оның мөлшері айлық табысыңыздың 10 пайызынан асып кетсе, мұндай мүмкіндікті пайдалануға болады. Және бұл көмекті кез-келген тұрғын алуға құқылы. Коммуналдық шығынның бір бөлігін мемлекет төлеу үшін нақты қойылған қарапайым талаптар бар. Яғни, тұтынушы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Екіншіден, оның басында бір ғана баспана болуы керек. Ал көмекті алу үшін аз қамтылған болуы міндетті емес. Бастысы, коммуналдық шығыны айлық табысының 10 пайызынан асуы тиіс.

Сұлтанғали Жалқұл, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басқарма басшысы:

10 пайыздан асқан сомасын өтеп береді. 10 пайызына дейін азамат өзі төлейді. Қалғанын Үкімет төлейді.

Жалпы бұл тұрғын үй көмегі бағдарламасының енгізілгеніне 14 жыл болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт жылдың өзінде 174 мыңнан астам абонетке 5 млрд теңге көлемінде коммуналдық шығын төленген. Ал биылғы жаңашылдық, бағдарламада қойылған талаптағы пайыз мөлшерлемесінің төмендетілгенінде болып тұр. Мысалы, бұған дейін коммуналдық төлемнің бір бөлігін мемлекет төлеу үшін шығын көлемі 20 прайыздан асуы тиіс болған. Ал биыл, ол шекті мөлшер екі есеге төмендетіліп, шын мұқтаждар қолдауға ие болмақ. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіну қажет.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу