Астанада халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтті

08.07.2023

Астанада халықаралық әскери оркестрлер фестивалі өтті. Алыс-жақын шетелден жиналған өнерпаздар елордалықтарды таңғалдырды. Сол үшін жеке ұшақпен бір жарым тонна музыкалық аспап әкелген ұжымдар да бар. Астаналықтарға тағы қандай сый дайындалды?

Мына қатарда Әзербайжан, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Түркия, Өзбекстаннан келген әскерилер иық тіресіп отыр. Олардың бәрі қарулы қақтығысты емес, музыка туралы айтуға келген. Өнер ұжымдары үш күн бойы Астана тұрғындарына патриоттық әндер мен ұлттық музыкадан шашу шашты.

Дипак Кумар Прусти, Үндістан делегациясының жетекшісі:

Біз көптеген шығармаларды орындаймыз. Оның ішінде батыс және Үнді әндері, классикалық музыкалар да бар. Ең бастысы ұлттық әуендеріміз көп болады. Кейбірін марш ырғағына бейімдедік. Бұрын осындай салтанатты шараларда орындаған әндерімізді де ала келдік.

Іс-шараны Қорғаныс министрлігі елорданың 25 жылдығына тарту етіп отыр. Олардың айтуынша, Қытай елінен келген делегация музыкалық аспаптарын жеке ұшақпен алдыртқан. Себебі, инструменттердің салмағы бір жарым тоннадан асыпты. Ал Қазақстан атынан өнер көрсететін ұжымдар отандық авторлардың шығармалары мен қазақ халқының әуендерін орындады.

Арман Асенов, ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың бастығы:

Бүкіл әлемнен ең мықты оркестрлер келіп отыр. Жалпы саны 395 адам. 8 мемлекеттен. Ал бізден үш оркестр. Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан және Қарулы күштердің оркестрі.

«Астана – мәдениет керуені» деп аталатын бұл фестиваль Қазақстанда тұңғыш рет өтті. Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов бұл шара достық байланыстарды дамытып, халықаралық мәдени диалогты нығайтып, бейбіт бастамаларды кеңейтетініне және қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыратынына сенеді.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу