Ертең Қазақстанда балықшылардың кәсіби мерекесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Қазақстанда балықшылардың кәсіби мерекесі

08.07.2023

Ертең Қазақстанда балықшылардың кәсіби мерекесі. Жетісу облысындағы Балқаш және Алакөлде балық аулап, кәсіп қылып жан бағып жатқан жандар жетерлік. Тіпті бірнеше ауылдың негізгі күн көрісі осы балық шаруашылығы. Әріптесім Қуаныш Қанатұлы Балқаш көлі жағасындағы Қарақұм деген ауылға арнайы барып, балықшылардың тыныс тіршілігімен танысып қайтты.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Таңғы сағат бестен кетті. Күн ұясынан енді шығып келе жатыр. Ал біз балықшылармен бірге көлге шықтық.

Балқаш көлінің Жетісу облысына қарасты бөлігінде үш ауылдың жан бағысы - балық. Солардың қатарында Қарақұм деген ауыл бар. Елді мекен Қарағанды облысы аумағында орналасқанымен әкімшілігі Қаратал ауданына қарайды. Мұндағы тұрғындар бірнеше бригадаға бөлініп, таңмен таласа қайранға шығып, тәукелге бел буады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Балық аулаудың бұл әдісін сүзекі тарту деп атайды. Балықшылар қазір мың метр ауды суға салды. Енді екі қайықпен екі жақтап балықты сүзе бастайды.

Балықтың ауға түсуі ауа райына тікелей байланысты, дейді балықшы қауым. Түскен балықты да сол жерде сұрыптап отырады. Ұсақ балықты қайта көлге жібереді. Ол да болашақтың қамы.

Амангелді Құдайбергенов, балықшы:

Мынандай лапышты сазанның баласын бес жүзден жоғары қабылдайды. Ол енді өсу керек қой. Әлі жас, кіші әлі. Оны еш қабылдамайды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бүгінге ауға түскен балық міне осы. Негізінен көксерке, табан балық, арасында жайын да бар. Балықшылар бұған да қанағат деп отыр. Ал қанағат қарын тойдырады.

Балықшылардың дәл осылай сүзекі тартып келе жатқанына биыл 50 жыл. Осы уақытта олардың бірнеше буыны өсті. Қазкен Көпбаевтың да осы кәсіпті нәсіп еткеніне 40 жылға жуықтапты.

Қазкен Көпбаев, балықшы:

Көктемде күзде екі мезгіл жақсы аласың. Жазда кішкене азаяды. Тамыздан бастап жүреді қайтадан балық. Қыркүйекте салқын түседі. Содан мұз қатқанша аулаймыз.

Ауланған өнім бірден балық қабылдаушыларға өткізіледі. Өкініштісі қазір барлық балық шикізат ретінде Алматыға тасымалданады. Қарақұмда бір кездері дүркіреп тұрған балық зауыты жабылып қалған.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу