Биыл Астанаға 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Астанаға 25 жыл

05.07.2023

Биыл Астанаға 25 жыл! Ширек ғасырда бас қаламыз әлем мойындаған ірі мегаполиске айналып үлгерді. Еліміздің саяси, әкімшілік және экономикалық, мәдени орталығы. Бүгінде 1 миллион 400 мың тұрғыны бар шаһар еліміздің №1 қаласына қалай айналды? Тарихқа көз жүгіртсек.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, астананы көшіру мәселесі көтерілді. Бірақ о баста бұл идеяны көпшілік қолдай қоймады. Өйткені кеңес одағы ыдырап, экономика тоқырап жатқан еді. Десе де қызу талқылаулардан кейін 1994 жылы 6 шілдеде сол кездегі Жоғарғы Кеңесте астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Астананы Ақмолаға көшіру бекер емес. Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың табиғаты, сейсмикалық, экономикалық жағдайлары мен еңбек ресурстары бәрі-бәрі ескерілді. Әрі мұның стратегиялық үлкен маңызы бар еді. Яғни астана елдің шетінде болмауы керек. Ал Ақмола Қазақстанның ғана емес, Еуразияның жүрегі. Сөйтіп 1994 жылы шешім қабылданғанымен, ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асып, сол кездегі депутат, министрлер көшті бастап Арқа төсіне келді.

Кейін 1998 жылы 6 мамырда Қазақстанның сол кездегі президентінің жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Ал қала аумағы үлкен құрылыс алаңына айналып, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатты. Сүреңсіз ескі ғимараттар сүріліп, орнына алғашында 9 шағын аудан салынды. Бүгінде сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарды тану мүмкін емес. Бір кездері небары 300 мыңдай тұрғыны болған қаланың ауданы қазір 725 мың шаршы шақырым. Ал халық саны 1 миллион 400 мыңға жуықтады. 80 пайызы - қазақтар.

Қазір Астананы әлем таниды. Халықаралық деңгейдегі бас қосулардың алаңына айналды. Діндер съезін, түрлі беделді экономикалық форумдардан бастап ОБСЕ секілді халықаралық саммиттерді, тіпті ЭКСПО көрмесін өткізді. Әрі елорда болғалы атауы Ақмола-Астана-Нұр-Сұлтан-Астана болды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу