Ақтөбеде экологиялық апат! Шаһардың кәріз құдықтарынан аққан лас су Жіңішке өзенін бүлдірді. Салдарынан осы аймақтағы ең үлкен дария саналатын Електің де экожүйесіне үлкен қауіп төніп тұр. Қазірдің өзінде өлген балықтар жағаға шығып қалып жатыр. Жағдайды Жақсыбек Кемал зерттеп келді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл қаланы қақ жарып өтетін Жіңішке өзені. Жақын жердегі құдықтардан аққан лас су бірден осы жаққа лап қойған. Мұндағы иіске ұзақ уақыт шыдап тұрудың өзі мүмкін емес. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, су айдыны әбден бүлінген.
Бұл жағдайды алғаш болып табиғат жанашырлары байқаған. Мына бейнекөріністен жыра-жырамен аққан кәріз суының өзенге келіп құйылып жатқанын анық көруге болады. Осылайша, алдымен Жіңішке, одан соң аймақтағы ең ірі суқойма саналатын Елек өзені үлкен зардап шекті.
Евгений Лазарчук, қоғам белсендісі:
Ағыспен төмен жүріп қарадық. 312-інші атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы көпірдің астымен тек кәріз суы ағып жатты. Өзеннің бір шақырым бөлігінде толығымен лас су тұр. Ол Елек өзеніне құяды. Бұл аумақтағы суда тірі жәндік қалды ма, жоқ па, белгісіз.
Қауіптің қаншалықты үлкен екенін жағалауға шығып қалған мына өлі шабақтардан-ақ байқауға болады. Судың түсі қап-қара. Экологиялық апаттың зардабын алдымен өзен жағасында тұратын халықтың тартатын түрі бар.
Қамидолла Берманов, қала тұрғыны:
Кәріз суі төгілген.Оны кім төккенін кім біліпті? Төккен адамды жазаласын.Штрафын салсын, аямасын! Күн ыссыда далаға шығу мүмкін емес.Күн салқында білінбес, күн ыссыда білінед, сасиды.
Дегенмен, құдықтардан аққан лас су тоқтады. Мамандар кәріз құбырларының бір бөлігі бітеліп қалып, су далаға аққан болуы мүмкін дейді. Алайда, бұл әзірге болжам ғана. Осы уақытқа дейін қос өзенге қанша мөлшерде лас су төгілгенін де ешкім білмейді.
Талап Ұснадин, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:
Полиция қызметкерлері шақырылып, кәріз суының ағуына байланысты жеке меншік иесі кім екені анықталып жатыр. Анықталған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Айыппұл салынады, одан басқа ұйғарымдар беріледі, осының бәрін тазарту жөнінде.
Апат орнына экологтар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Судан сынама алынды.
Жақсыбек Кемал