Қызылордада екі бірдей жаңа нысанның құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада екі бірдей жаңа нысанның құрылысы басталды

04.07.2023

Қызылордада екі бірдей жаңа нысанның құрылысы басталды. Сырдарияның сол жағалауынан 3 мыңнан астам жолаушыға арналған заманауи сапаржай мен физика-математика бағытындағы мектеп интернатының іргетасы қаланды.

Жаңадан бой көтеріп жатқан білім ордасында оқу корпусынан бөлек 300 орындық жатақханасы болады. Жоба құны шамамен 8 миллиард теңге. Құрылыс мерзімі екі жыл. Игі бастамаға ұйытқы болған жергілікті әкімдік нысан құрылысын жіті бақылап, сапалы салынуын қадағаламақ. Жалпы алдағы үш жылда аймақта 20-дан астам мектеп салу жоспарда бар.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда жалпы құны 100 млрд. теңгені құрайтын 15100 орынға арналған 21 мектеп салынады. Биылғы жылы 10 мектептің құрылысы басталуда.

Физика мен математика пәндерін тереңінен оқытатын мектеп-интернатқа келешекте облыстың ең дарынды балалары іріктеліп, білім алатын болады. Қазіргі иннновация мен цифрландыру заманында жастар ІТ мен технология ілімін жетік меңгеруі керек. Бұл елдің болашағына жасалып жатқан үлкен инвестиция дейді сала ардагерлері.

Қылышбай Бисенов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

Бүкіл техника, технология, ақпараттық әлем осы физика-математика ғылымдарына негізделген. Сол білімді азаматтар біздің Қызылорда қаласында ертең бой көтеретін физика-математика мектебінде тәрбиеленетін болады.

Сондай-ақ сол жағалаудан жаңа автовокзал ғимаратының алғашқы кірпіші қаланды. Жоба бойынша заманауи сапаржайда жолаушылар үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылмақ. Маңызды нысан келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда күніне 3 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетіліп, облыс, аудан және халықаралық бағыттарға автобус рейстері ашылатын болады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу