Шығыстағы Топқайың ауылының малы мен жаны суды өзеннен ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстағы Топқайың ауылының малы мен жаны суды өзеннен ішіп отыр

04.07.2023

Шығыстағы Қатонқарағай ауданы Топқайың ауылының малы мен жаны суды өзеннен ішіп отыр. Елдімекенге екі жыл бұрын республикалық бюджеттен 597 миллион теңге бөлініп су құбырын тарту басталған. Алайда арада үш жыл өтсе де жұмыстың бітетін түрі жоқ. Тендерді жеңіп алған мердігер компания ауыл ішін астаң-кестең қазып тастаған.

Гүлнәр Тәукенова жетпіске келсе де әлі иығына иін ағыш іліп су тасып жүр. Өйткені ауылдағыжалғыз құдық өте алыс. Өзеннен су алу әсіресе қыста қиын.

Гүлнәр Тәукенова, зейнеткер:

Мұздың үстіне екпеттеп жатасың. Шелекті жібересің. Иін ағашпен шлекті көтересің. Кейбір кезде өзім бірге түсіп кетем бе,деп қорқамын. Ешкім жоқта. Сол үшін аңдып отырам терезден. Біреу-міреу суға келе ме деп.

Самарбек Қайдаров, Топқайың ауылының тұрғыны:

Балаларды жібере алмаймыз. Қорқамыз. Арбамен тасуға да қолайсыз. Жер балшық. Су да лайланып кетеді. Өте бір қиын кез осы кезде.

Қиын болса да халық ағын судың арамдығы жоқ, деп өзеннен алып отыр. Су құбырын тарту үш жыл бұрын басталған. Содан бері ауыл іші аткөпір, астаң-кестең.

Бұрын Топқайыңда әр көшеде құдық болған. Енді орталықтағы жалғыз жерде. Алыстан арба сүйреу әсіресе ауылдағы қарияларға қиын.

Найманғазы Ибраев, зейнеткер:

Барлық колонканы алып тастады. Ой, енді тым болмағанда бір колонка қалдырыңыздар дегеніміз жақсы болған екен. Осымен халық су алып, күн көріп жүр.

Аудан әкімі 2021 жылы жазда басталған жұмыс бір жыл ішінде аяқталады деген. Бірақ, жұмыстың бітетін түрі жоқ.

Болатхан Қалибекұлы, Топқайың ауылының тұрғыны:

Аудандық деңгейдегі әкімге бірнеше рет айтылды. Міна ақсақалдар алқасы қауымы атынан. Келіңіз? Көрңіз деп. Олар бізге иә дейді де, келу жоқ.

Аудан әкімі ауылға келмегендіктен бе, су құбырының құрылысы қашан аяқталарын нақты айта алмайды. Ал жұмыстың кестеден кешігуін тұрғындардың өзінен көріп отыр.

Ділдәр Қалихан, Қатонқарағай ауданының әкімі:

Жоба жасаған кезде жергілікті тұрғындар өздеріңіз білесіздер үйдің , қора қопсысын көбейтіп, бау-бақша деп айтамыз. Сол жақтарын үлкейткеннен кейін құбыр жүргізу қиыншыққа түсті.

Қазір ауылда жұмыс істеп жатқан маман да,техника да көрінбейді. Сондықтан тұрығындар су құбыры тартылмаса да,қазылған шұңқырды жабуды сұрап отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу