Маңғыстау облысындағы «Қошқар Ата» улы көлін жедел залалсыздандыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы «Қошқар Ата» улы көлін жедел залалсыздандыру қажет

04.07.2023

Маңғыстау облысындағы 183 мыңдай халқы бар ең үлкен аудан Мұнайлыда өзекті мәселе көп. Біріншіден, халық ауыз суға жарымай отыр. Елдімекендер саны артып, инфрақұрылым ескірген. Ауыл ішілік жол жоқтың қасы. Ауданның халық қалаулылары Сенат депутаты Бекбол Орынбасаровпен кездесуде осы мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік туралы заң мен салық кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты сұрақтар туындады. Ал «Қошқар ата» радиациялық қоймасын залалсыздандыру жұмыстары кезек күттірмейтін жұмыс дейді,-депутаттар. Өйткені салдарын 400 мыңдай халық тартып отыр.

Айта кетейік, улы көлді рекультивациялау жұмыстары екі жыл бұрын басталып, қайта тоқтап қалды. Себебі 15,5 млрд теңгеге бағаланған жобаның құны инфляция салдарынан құнсызданып, түзетуге жіберілді. Ал қазір жоба алдын-ала есеп бойынша 49 млрд теңгеге бағаланған.

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Құмның есептелмей қалуы сияқты жаңағы жобаның ішінде басқа да техникалық мәселелер бар. Сол мәселелерді шешу аясында осы депутаттар өздерінің құнды-құнды ұсыныстарын айтып жатыр. Мысалы, жаңа бір кәсіпкер-депутат өзімнің сол жердегі құмымды тегін бере аламын деп  айтып жатыр. Бұл мәселемен біз айналысамыз. Мен өзім осыны бақылауға алдым.



Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу