Қатонқарағай ауданында білікті дәрігер жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатонқарағай ауданында білікті дәрігер жетіспейді

04.07.2023

Қатонқарағай ауданында білікті дәрігер жетіспей жатыр. Қазір 10 аса маманның орны бос тұр. Сондықтан тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздаса, көрші аудан мен Өскемен қаласына сабылады. Ал ауылға жас мамандардың барғысы жоқ. Өйткені оларды әлеуметтік жағынан қолдау болмай тұр. Шекаралық аудандағы медицина қызметінің сапасы мен маман мәселесі болашақта қалай шешілетінін тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.

Қатонқарағай ауылынан 13 жыл бұрын үш қабатты жаңа аурухана салынған. Халыққа қажетті бөлімдердің бәрі істеп тұр. Біртіндеп медициналық құрал-жабдық да алынып жатыр. Тек білікті дәрігерлердің жоқтығынан кейбір науқастар облыс орталығына сабылып жүр.

Күлзипа Жексенбаева, Белқарағай ауылының тұрғыны:

Көбінде бұл жерде қалаға жібереді. Қаланың мәселесі бұл жерде шешілмейді, біздің дертіміз. Аппараттар жоқ. Мамандардың жоқтығына байланысты ма? Сондай мәселелер бар.

Психиатр-дәрігер Сержан Болаев 5 жыл бұрын зейнетке шықса да әлі еңбек етіп жүр. Қырық жыл тәжірибесі бар маманның айтуынша ауылға жас дәрігерлер келу үшін оларға нақты қолдау қажет.

Сержан Болаев, психиатр-дәрігер:

Барлық жағдайлары жасалса, жас мамандар неге келмейді? Маған, әрине, ешкім кет деп жатқан жоқ. Бірақ жас мамандар келсе, орнымызды босатып беруге дайынбыз. Осы уақытқа дейін қызмет жасап келдік халыққа.

Қысы 8-9 айға дейін созылатын, әрі шекараның шебінде жатқан ауылға баруға жас мамандардың көбі құлықсыз. Тек бірлі-жарым осы өңірдің өзінен ұшқан түлектері ғана тәуекел ете алады. Солардың бірі-Назым Тоқтарханова.

 Назым Тоқтарханова, терапевт–дәрігер:

Жас мамандардың келуі әрине өте қажет, бізге. Істеп кете алады. Мен де жас маман болып келдім, осында. Үлкен дәрігерлер әрқашан да көмек беруге дайын.

Ауруханадағы әр бөлімде тек бір дәрігерден ғана бар. Олардың еңбек демалысы кезінде әлде ауырып-сырқап қалса, басқа аудандардан немесе Өскеменнен дәрігер шақыртуға мәжбүр болады.

Гүлмира Сәкенова, Қатонқарағай аудандық №2 ауруханасының бас дәрігері:

Акушер-гинекологымыз да зейнеткер. УЗИ диагностикадан. Одан кейін бізде хирургтан бір штат қана. Бізде хирург жетіспейді. Педиатр жетіспейді. Акулист жетіспейді. Реанимотолог дәрігер жетісепейді. Жас мамандарды тартсақ, бізге әкімшілік тарапынан қолдау болса, жақсы болар еді.

Әкімшілік қолдау ретінде Қатонқарғай ауылына 6 пәтерлі үш үй салған. Бірақ жас мамандарды ол да қызықтырмай отыр. Өйткені үйлердің сапасы сын көтермейді. Сырты қоршалмаған, ауласын арам шөп басып тұр.

Аудандық аурухана қазір 10 мыңға жуық адамға медициналық қызмет көрсетіп тұр. Қазір еңбек етіп жүрген мамандардың ендігі бар үміті- Қатонқарағайдың қайтадан аудан болып құрылуында.



Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу