Елімізде бірқатар жылу беру нысандарында жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бірқатар жылу беру нысандарында жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр

03.07.2023

Елімізде бірқатар жылу беру нысандарында жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жөніндегі кеңесте айтты. Үкімет басшысы, бірінші вице-премьер Роман Скляр мен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.

Өткен қыста тозығы жеткен қазандықтар мен құбырлар жарылып, қараша халық қиналғаны есте. Биыл да жағдай толық реттелетініне күмән бар. Оған келесі көрсеткіштер дәлел. Атырау жылу-энергия орталығында №12 турбина өткен жылдан бері жөндеуде тұр, ал №6 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары әлі басталмаған. Оған қоса Қарағанды облысындағы нысанды жөндеу жұмыстарының мерзімі ұзартылған. Маңғыстау облысында да тура осы жағдай. Жезқазғандағы қазандықты жөндеу 2024 жылға шегерілген.

Астанада да соңғы жылдары жылу тапшы. Өткен күзде салынып біткен тұрғын үй кешендері пайдалануға берілмеді. Себебі сол – жылу тапшы. Нөмірі үшінші жылу электр станциясының құрылысы басталғанына да 13 жыл болды. Қысқа дейін іске қосамыз деп отыр мердігер. Оған қоса екі жерден газбен жылыту станциясы салынып жатыр.

Дүйсенбай Тұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:

Бұдан басқа Тұран деген осындай бір Газ қазандығы іске қосылайын деп жатыр биыл. Сүйтіп ана ТЭЦ 3 тің қуатымен есептеген кезде 1,5 мың гкал биыл күзге таман іске қосылайын деп тұр. Сондықтан деген соңғы жылдары мына қалада болып жатқан жылудың тапшылығы жойылатын болып тұр. Тіпті профицит те болайын деп тұр.

Мәжіліс депутаттары Астананың оңтүстік шығыс аумағына арналған станцияның құрылысымен танысты. Нысан жылу электр станциясынан келген суды ысытып, тұрғын үйлерге жібереді. Биыл күзге дейін іске қосылмақ.

Әділхан Әбілдин, мердігер компания бас директорының орынбасары:

Біз құбырдан келген суды жылытып әрмен қарай жібереміз. Бұл жүйе жаңағыдай қазандыққа келген су қосылмайды. Келген құбыр өзі тәуелсіз жұмыс істейді. Бұл Қазандық көмірмен басқа да бір нерсемен жылытатын орталық емес.

Сондықтан оның жұмыс істеу мерзімі кемі 20 жыл. Бір өзі 4 млн шаршы метр тұрғын үйді жылытуға қауқарлы.

Жәнібек Мұхамбетәлі, мердігер компанияның техникалық директоры:

Бұл қазандықтардың өнімділігі өте жоғары. Соған қарамастан Газды аз тұтынады. Өзге станциялардан қарағанда 6-7 пайызға үнемді. Бұл жылдық мөлшермен есептесең 100 деген миллион доллар.

Осылайша жергілікті билік шаһар тұрғындары биыл бүрсең қақпайды деп сендірді. Ал, Әлихан Смайылов Республика бойынша жағдай үкіметтің тұрақты бақылауында болатытын ескертті.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу