Үкімет ауыл шаруашылығы саласындағы 252 жобаға 415 миллиард теңге бөледі. Сондай-ақ, су тапшылығын жою үшін арнайы жол картасы қабылданады. Тек биылдың өзінде Ақтөбе облысында 26 дамба салу көзделген. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары – ҚР сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты. Министр «Ауыл аманаты» бағдарламасының облыста қалай жүзеге асып жатқанын көрді.
Саржансай ауылында тұратын Роза Шәрімбаева бақша салып, құс өсіреді. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қосымша 300 құс сатып алды. Айналдырған 2-3 айдың ішінде оның пайдасын көріп отыр.
Роза Шәрімбаева, Саржансай ауылының тұрғыны:
Көркейткім келеді әлі де. Жақсы көремін. Елден келдік қой, Қарақалпақстаннан. Ол жақта да өсіретін едік, 50-60-қа дейін құс ұстайтын едім. Еңбегін жемісін көріп жатырмыз.
Ақтөбе облысында бұл бағдарламамен іс бастаймын деген ауыл тұрғындары үшін алты жарым миллиард теңге дайын тұр.Қазірдің өзінде жүздеген тұрғын шаруа бастап, өнімдерін облыс орталығына саудалап жатыр. Тұрғындармен кездескен вице-премьер үкімет тарапынан шағын кәсіпкерлік саласына қолдау жалғаса беретінін жеткізді.
Алмас Салықбаев, Мәртөк ауданының әкімі:
176 жоба түсіп отыр, оның ішінде 143 мақұлданды, 95 ақшалай қаржыландырылды. Оның ішінде ерекше айтсақ, жердің құнарлығына байланысты құс шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына ерекше назар аударып жатырмыз.17 жылы жайымыз бар.
Дегенмен, салада күрмеуі шешілмеген мәселе де баршылық. Ауыл шаруашылың өнімдерінің көбі әлі сырттан әкелінеді. Мәселен, тауық етінің 65 пайызы ғана өзімізде өндіріледі. Сондықтан құс шаруашылығымен айналысатын ірі үш кәсіпорын салынады. Сондай-ақ, елдегі көкөніс сақтау қоймаларынының жартысы талапқа сай емес. Ол алдағы екі-үш жылда шешімін табады. Ең үлкен проблема – су тапшылығы. Министрмен кездесуге келген шаруалардың айтуынша, тереңдігі жүз метрден асатын құдық қазу үшін кемі 10-15 милион теңге қажет. Сондықтан бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-сауда және интеграция министрі:
Су мәселесі өте қиын болып тұр. Бүгін 2-3 азамат осы мәселені көтерді. Өткен аптада Қызылордада болдым. Сол себепті біз қазір жұмыс тобын құрып, су мәселесін тиімді пайдалану үшін жол картасын дайындайымыз. Екі аптаның ішінде. Шет елден сарапшы шақырамыз, өз сарапшыларымыз бар. Жаңа технология қолданамыз.
Биыл Ақтөбе облысындағы шағын елді мекендерден 17 мың адам көшіп кеткен. Сондықтан, тағы бір үлкен міндет – ауылға халықты тұрақтандыру. Ол үшін «Ауыл аманаты» секілді бағдарламалардың берері көп болмақ. Серік Жұманғарин облыстағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін бірнеше кәсіпорынның жұмысымен де танысты.
Жақсыбек Кемал