Басты Жаңалықтар Абай облысын дамыту үшін 1,9 трлн теңге қарастырылған

Абай облысын дамыту үшін 1,9 трлн теңге қарастырылған

Абай облысын дамыту үшін 1,9 триллион теңге қарастырылған. Кешенді жоспар аясында түрлі саланы қамтитын 102 шара іске аспақ. Әсіресе жаңа өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытып, тұрғын үй құрылысын жандандыруға басымдық беріледі. Бүгін өңір басшысы бұл туралы Семей жұртшылығымен кездесуінде айтты.

Бір жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ең негізгі салаларда даму байқалады. Сыртқы сауда айналымы 1,4 млрд теңгеге жеткен. Мал саны өсіп, ет өндірісі еселеп көбейген. Егін шаруашылығының көлемі де артқан.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Құрылыс секторы 124,8 пайызға, инвестициялар 121 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 120,1 пайызға өсті. Тұрғын үйді пайдалануға бері 120,7 пайызға. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 103,1 пайызға өсті.

Тозған жылу желілері мен қазандықтар басты мәселеге айналып отыр. Қалалар мен аудан орталықтарындағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы 455 шақырымнан асады. Солардың жартысынан көбі ескірген. Жедел түрде жөндеуді қажет етеді.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Семей қаласы бойынша жылу желілерінің тозуы 68 пайыз. Осы проблеманы шешу үшін кешенді жоспарға жылу көздерін қайта жаңғыртуға 11 жоба, желілерді жаңғыртуға 19 жоба енгізілді. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінген.

2028 жылға дейін облыста 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу үшін ірі инвестициялық жобалар іске аспақ. Пайдалы қазбаларды өндіретін, ет және майлы дақылдарды өңдейтін ірі кәсіпорындарды іске қосу жоспарда. Өңірде ауыл шаруашылығындағы пайдаланылмаған жерлер де қарқынды түрде қайтарылып жатыр. Облыс көлемінде 297 мың гектардан астам жер игерілмей құр жатқаны анықталды. Соның жартысына жуығы биыл мемлекет меншігіне алынды. Жиында облыс басшысы тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, арыз-шағымдарын тыңдады.

Ержан Жақып


Бөлісу