Түркістан облысында «Сайрамсу аңыздары» туристік бағыты таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында «Сайрамсу аңыздары» туристік бағыты таныстырылды

28.06.2023

Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінде жаңартылған «Сайрамсу аңыздары» туристік бағыты таныстырылды. Батыс Тянь-Шань тауларының бірегей табиғатына негізделген бағытты саяхаттаушы шамамен алты-сегіз сағатта жүріп өтеді.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік-шығыс бөлігін қамтиды. Ол Өгем, Қаржантау, Боралдай мен Талас Алатауының солтүстік батыс бөктерін алып жатыр. Ұлттық парктің аумағынан жеті бірдей өзен ағып өтеді.

«Ұлттық паркте сүтқоректілердің алпысқа жуық, құстардың 300 ден аса түрі бар. Мұндағы аю мен қасқырдан бөлек, қар барысы мен Түркістан сілеусіні туристерді ерекше қызықтырады»,- дейді мамандар.

Ахат Тастанбекұлы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маманы:

11 туристік маршрут бар. Соның бірі – осы Сайрам су көлі. Сайрам су көліне дейін 9 километр, қайту жолы 9 километр. Бара жатқан жолда аңдарды көруге болады. 

Соңғы кезде өңірдің ең ірі ұлттық паркі саналатын аумақты көруге келушілердің қатары көбейген. Мәселен өткен жылы Сайрам-Өгемнің табиғатын 68 мыңнан астам адам тамашаласа, биыл жыл басынан бері 64 мыңнан аса турист келіп үлгерген.

Ботагөз Мәуленова Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бас маманы:

Сайрам-Өгем өзінің әлеуеті жағынан, туристерді қабылдау, оларға қызмет көрсету жағынан ерекше дамып келе жатқан туристік аймақ. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде келушілердің де саны күннен-күнге артуда.

Жаңа бағыттың ашылуы да осы салада жүрген мамандар үшін тың жаңалық болып отыр. Олар ұлттық парк өкілдерімен бірге Сайрам суды аралап, жол жөнекей туристер үшін жасалған жағдайды бағамдады.


Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу