Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтады

27.06.2023

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтады. Ол халық пен билік арасын жалғаған газет, интернет басылымдар мен телеарна қызметкерлеріне алғыс білдірді. Жиын барысында аймақ басшысы Қонаев қаласының Бас жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, алдағы 25 жылда шаһарда халық саны 200 мың адамға жетеді.

Еліміз егемендікке жеткелі, әлемде өзіндік саяси, экономикалық орны бар беделді мемлекеттердің қатарына қосылды. Одан қалды дүние жүзіне мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымыз кеңінен танылды. Бұл тұрғыда БАҚ-тың атқарған қызмет орасан. Сондай-ақ, журналистер қауымы қарапайым халық пен билік арасын жалғаушы көпір ретінде мүлтіксіз қызмет атқарып келеді, - деді облыс әкімі.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

Елімізде атқарылып жатқан бастамалар мен жүргізіліп жатқан жұмыстарды қоғам арасында жан-жақты насихаттауға сіздердің қосар үлесіңіз әрдайым елеулі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүйелі түрде жұмыс істеу жоғары нәтижелерге жол ашады деп сенемін.

Мереке қарсаңында аудандық және облыстық деңгейдегі біршама БАҚ қызметкері марапатталды. Олардың арасында жуырда ғана дүние салған журналист, ақын - Қанат Біржансал да бар. Оның марапаты марқұмның жұбайына табысталды.

Кеңесгүл Өмірбекова, Алматы облысының тұрғыны:

Еңбегі еленіп бүгін, ұжымы, республика бойынша жолдасымның еңбегін бағалап, құттықтап жатыр. Осы ортада өзі жарқырап тұруы керек еді.
Жиын барсында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының Бас жоспары таныстырылды. Оған сәйкес шаһар екіге бөлініп, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында жаңа қала бой көтереді. Қонаевтың ескі бөлігінде әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлер салынса, жаңа бөлігінде демалыс орындары, ЖОО, спорт кешендері мен мектептер бой көтермек. Ал тұрғындар саны алдағы 25 жылда 200 мыңға жетеді деген жоспар бар.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу