Жылу маусымына дайындық тиісті деңгейде жүрмесе, жауапты басшылар жұмыстан кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу маусымына дайындық тиісті деңгейде жүрмесе, жауапты басшылар жұмыстан кетеді

27.06.2023

Жылу маусымына дайындық тиісті деңгейле жүрмесе жауапты басшылар жұмыстан кетеді. Бүгін Үкімет басшысы қарамағындағыларға ескерту жасады. Өйткені атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітпейді. Жиынға қатысқан әріптесім тақырыпты тарқатады.

Өткен қыста Екібастұз, Риддер, Солтүстік Қазақстан облысындағы апаттар, жылыту қазандықтары мен құбырлардың әбден тозғанын көрсетті. Көктем басталмай жатып, бірден комиссия құрылып, алдағы қысқа дайындық басталып кетті. Өзге өңірлерде де ауқымды шаруалар жоспарланған. Алайда 47 жобаның тек 30-ында ғана жұмыс жүріп жатқан көрінеді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Бірінші басшылардың, әкімдіктер мен министрліктердің жауапты орынбасарлары кабинетте отырмай жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Егер жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылдайтын боламыз.

Биыл жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. Ауқымды жұмыс Қызылорда, Павлодар, Екібастұз, Степногорск және Көкшетау қалаларында жоспарланған.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Біз мәселе бар барлық өңірлерді аралау туралы шешім қабылдадық. Нысандарды өз көзімізбен көреміз. Жұмыс барысымен танысамыз. Сосын сол өңірдің тұрғындарымен де келісеміз. Яғни халықтың қандай сұрағы бар барлығына жауап береміз және шешуге тырысамыз.

Министрлер үкімет басшысына жұмыстарды барынша жылдамдатамыз деп есеп берді. Орталықтандырылған қазандықтан бөлек жекеменшік үйлерді жылыту мәселесі де қаралды. Әсіресе күз келгенде халық қара көмірге жарымай қалады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұған кәсіпкерлер кінәлі деп отыр.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Бүкіл Қазақстан бойынша 110 млн тонна көмір өндіріледі. Ал халыққа қажеттілігі небәрі 9 млн 300 мың тонна. Әр жылы 10 млн тоннаның төңірегінде. Бір затты нақұты ұғыну керек. Көмірдің бағасы халыққа жеткізіліп жатқан төмен баға. Оның экспорттағы бағасын есептеген кезде бірнеше есе төмен. Халыққа барып жатқан көмірді сол жақтағы кейбір кәсіпкерлер алып, халықтан тыс шетелге сатып жатыр.

Сондықтан көмірді автокөлікпен шекарадан өткізуге тыйым салынды. Яғни осы жылы отынға тапшылық болмайды деп сендірді Марат Қарабаев.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу