Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі қарқын алды. Осыған дейін 60 гектар жерге жеміс өсіріп келген шаруашылық енді одан дайын тосап, джем, шырын шығаруды бастады. Жаңа зауыт сағатына 7 тоннаға дейін жеміс пен көкөніс өңдейді. Жобаның ерекшелігі өнімнің экологиялық тазалығы мен сапасында. Бұл — Қазақстанда пектин ұнтағын шығаратын ең алғашқы кәсіпорын. Мемлекеттің қолдауымен 1 миллиард теңгеден астам қаржыға соғылған цехта қазір 35 адам жұмыс істейді. Шаруашылық өздері өндірген жеміс пен көкөністен 15 түрлі өнім шығарады. Әзірге тауарын ішкі нарықта саудалап жатқан серіктестік экспортқа жол ашуға да ниетті.
Әбдуахат Ырсымбетов, серіктестік басшысы:
Қазірдің өзінде Ресейден, Европадан, Израиль, Дубайдан адамдары келіп, сапасын көріп, үлкен келісімшартқа отырғысы келіп жатыр. Сондықтан келешекте өнім түрін 30-ға жеткізсек деген ниет.
Шымкентте алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу 3 есеге артпақ. Қазір шикізатты терең өңдейтін агро-индустриялық аймақ жасақталып жатыр. Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі, сүт өңдеу, жеміс пен көкөністі консервілеу секілді 21 жоба жүзеге аспақ.
Ғани Қалмаханов