Жасөспірімдер арасында электронды темекіге құмарлық екі есеге артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер арасында электронды темекіге құмарлық екі есеге артқан

22.06.2023

Жасөспірімдер арасында вейп, яғни электронды темекіге құмарлық екі есеге артқан. Бұл - Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған зерттеудің қорытындысы. Жақында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда осы бір қауіпті үрдіске назар аударды. Азаматтық қоғам белсенділері де вейпті жасөспірімдердің қолдануына тыйым салу қажет деп дабыл қағып отыр.

Дәрігерлер вейптің кәдуілгі темекіден анағұрлым зиян екенін айтады. Тіпті электронды шылымды есірткі түріне жатқызады. Тәуелділік жоғары. Мектепте дәріс оқитын дәрігер жасөспірімдер арасында вейптің кең таралып кеткеніне алаңдаулы.

Нұрлан Сатанов, Облыстық психикалық-наркологиялық диспансер дәрігері:

Бір дана темекінің ішінде 1 грамм никотин болса, электронды темекінің ішінде 30-60 грамға дейін барады. Мұның ішіне кіретін пропилен глюколь дейтін екі атомдық спирт - бұл өте залалды зат. Жасөспірім балалардың бездері шошиды. Ұлдардың болашақта әке бола алмай, қыздарымыз болашақта ана бола алмайтын жағдайға дейін алып барады.

Вейп құрамындағы улы заттар ағзадағы лимфа жасушаларын жойып, иммунитетті түсіреді. Адам ерте қартаяды. Сондықтан дәрігерлер электронды темекіні жасөспірімдерге сатуға тыйым салғызу қажет деп санайды.

Бұл пікірмен вейпке қарсы петиция жариялаған қоғам белсендісі Баян Ахатай да келіседі. Әлеуметтік желідегі қарсылық құжатына бүгінде 20 мыңға жуық адам қол қойған.

Баян Ахатай Қазақстан халқы Ассамблеясы, Аналар кеңесі төрағасының орынбасары:

Вейп маркетингі толық балаларға арналған. Мұны біз анық айтуымыз керек. Оның сыртқы әрленуі, әртүрлі дәмдеуіштердің қосылуы және барлық дүкендерде вейптардың қойылуы балалардың көз деңгейінде болғандықтан, балалар көп тұтынып жатыр. Яғни, өте агрессивті жарнама балаларға арналған.

Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы зерттеуіне сәйкес, елімізде оқушылардың 10%-ы электронды темекі немесе вейп тартады. Өзекті мәселе ата-ана, мектеп әкімшілігі мен ұстаздардың бас ауруына айналды. Мәселе президент назарына да ілігіп, ұлт саулығына зиянын тигізетін қауіпті кеселмен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Егер қазір тыйым болмаса, кейін кеш болуы мүмкін.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу