Балалар арасында электронды темекі тұтынатындар күрт өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар арасында электронды темекі тұтынатындар күрт өсті

29.09.2021

Балалар арасында электронды темекі тұтынатындар күрт өскен. Денсаулық сақтау министрлігі соңғы бес жылда жүргізілген мониторинг нәтижесін жариялады. Оған сәйкес, тіпті жасөспірім қыздар да, бесіктен белі шықпаған балғындар да темекі шегуден қалысар емес. Ал өнім емін-еркін сатылып жатыр. Дәрігерлер мұны шектемесек жеткіншектердің денсаулығына орасан қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдаулы.

Мына балалар алаңы – темекінің сауда алаңына айналғалы біраз болған. Көршілердің ортақ чатында дерек көп. Жеткіншектер бір біріне электронды темекі сатып жүр. Кішкентай балғындарға беруге де қымсынбайды, дейді тұрғындар. Еленаны елеңдеткенде осы жағдай. 5 жастағы ұлына әдлеімдер темекі ұсынған.

Елена, қала тұрғыны:
Ұлым үйге айтып келді. Мен оның зиян екенін түсіндірдім. Бірақ, қатты уайымдайтын болдым. Зер салсам айналамда 8-10 жастағы балалар да емін-еркін шегіп жүр екен. Осы тұрғын үйдің ортақ чатына жазып, ата-аналар бір шара қолданайық деген ұсыныс жасадым. Көп ата-ана мұны байқаған екен,Учаскелік полицей шақырдық. Олар ешқандай шара қолданған жоқ.

 Тәртіп сақшылары мәселеге немқұрайды қарағанымен, дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Темекінің бұл түрі әдеттегі шылымнан да зиян. Себебі, никотиннен бөлек пластик зат қызғанда обыр тудыратын аса қауіпті химиялық қосынды бөлінеді.

Айгүл Әбдірахманқызы, 4-ші қалалық емхананың дәрігері:
Ұзақ уақыт қолданған кезде респираторлық өзгерістер пайда болады. Көз мұрын, тамақ шырышты қабаттарының қозуы пайда болады. Созылмалы демікпе, түрлі аурулардың өршуіне алып келеді. 05:00 Жай темекіге қарағанда қосымша химиялық заттарды жұтады. Өкпе, бауыр обырына алып келеді ұзақ уақыт пайдаланғанда.

Денсаулық сақтау министрлігі әр бес жыл сайын арнайы мониторинг жүргізеді. Мәліметке сәйкес, соңғы 5 жылда электронды темекіні тұтыну күрт өскен. Олардың арасында жасы 11ден енді асқандар да бар.

Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы:
 Электронды темекіні тұтыну ұлдар арасында 3 есе, қыздар арасында екі есеге артқан. Негізі заң бойынша бұл өнімдерді 18 жасқа толмағандарға да сатуға болмайды.

Тыйым салынғанымен, заңға бағынған саудагер аз. Әдеттегі темекі сияқты жасырын сатылатын өнімдер ашықтан ашық дүкен сөрелерінде самсап тұр.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Балалар арасында трэндке айналған темекінің бір түрі осы.. Сырты пластик. Іші никотин сұйықтығы. Әрқайсысын кемі 800 рет будақтатуға болады. Кейбірі одан да көп. Бірақ түтіні шыққанмен иісі жоқ. Зиянды өнімнің дүкендерден гөрі әлеуметтік желідегі саудасы қызып тұр.

Виртуалды саудаға көшкендердің біріне хабарласып, тапсырыс беріп көрдік. Олар жеткізіп беру қызметі бар екенін айтты. Ал жас ерекшелігі туралы әңгіме болмады.

Өнім түрлері көбіне Ресей Мен Қытайдан келеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше жыл сайын елімізге импортталатын өнім көлемі көбейіп жатыр.

Айнұр Сақтаева, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
Былтырғы жылмен салыстырғанда никотині бар сұйықтық көп өсім байқалады. Былтырдың өзінде байқасаңыз 2 млн мл елге импортталса биыл жарты жылдың өзінде 1 жарым млн литр электронды темекі сұйықтығы импортталған.

Электронды темекінің 1 мл-е – 8 теңге салық салынады. 2023 жылы салық көлемін көбейту көзделіп отыр. Бірақ бұдан тұтынудың азаятынына кепілдік жоқ. Ең дұрысы, шетелден келетін зиянды өнімнің сатылымына шектеу қойылса дейді, алаңдаған ата-ана.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу