Таразда субұрқақтар жаппай істен шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда субұрқақтар жаппай істен шыққан

22.06.2023

Таразда аптап ыстық басталса да субұрқақтар әлі күнге қосылмаған. Талап бойынша облыс орталығындағы 30-дан аса фонтан сәуір айынан бері қалаға көрік беріп тұруы тиіс еді. Алайда субұрқақтардың сорғысы істен шығып, тоқ сымдары тозып кеткен. Құбырлары жарылып, көптен бері жөндеу көрмегендері де бар.

Саябақтардағы субұрқақтар да көңіл көншітпейді. Қала билігі бұл бір аптада шешілетін уақытша қиындық деп отыр. Әкімдікке қарасты серіктестік субұрқақтардың сорғылары күйіп кеткенін растады. Олар бір ай бұрын мердігерлерге 17 млн теңгеге тапсырыс берген. Бірақ кәсіпкерлер талапқа сай емес жабдықтар жеткізгендіктен құрылғыларын қабылдамай қойғандарын айтып ақталды.

Жарқын Қошқарова, Тараз қаласының тұрғыны:

Қосылып тұрған жоқ. Сол қосылса болады ғой кішкене демалатын біз сияқты қария кісі. Соның қасында мен қайта күш жинайтын едім. Салқында отыратын едім. Керек қой адамға.

Талғат Торғаев, «Жасыл ел – Тараз» ЖШС Бас инженері:

60-тан жоғары насостар күйіп істемей жатыр. Біз енді порталға беріп қойғанбыз. Өзінің техникалық талабымен сай келмей жатыр. Сапасы арзанын алып келеді. Ол 1,2 күн жұмыс істейді да күйіп кетеді. Қалғандарын енді күтіп отырмыз. Келген бойында бірден жалғап жатырмыз.


Данияр Әлімқұл 

Хабарламаларға жазылу