Ақтауда қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының құрылысы басталды

21.06.2023

Салтанатты шараға Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қатысты. Институт ғимараты Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында бой көтереді. Алғашқы 60 студент биылғы қыркүйек айынан оқи бастайды. Ол үшін университетте оқу аудиториялары мен зертханалар әзірленген. Қазақстандық студенттер Германияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның федералды президенті:

Білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мен осы институт пен оның түлектерінің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Бұл – білім саласындағы өте маңызды жоба. Ғылыми зерттеулер бағытында ынтымақтастық одан әрі дами бермек. Қыркүйек айында оқу басталады, сәттілік тілеймін.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстан мен Германия ғалымдары ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс істеп келеді. Жақсы жетістіктері де бар. Осыған байлданысты Есенов университеті базасында қазақстан-неміс тұрақты инженерия институтын құру өте өзекті екенін атап өткім келеді. Институт сұранысқа ие кадрларды дайрлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға соның ішінде жасыл сутегі өндірісі саласына өзіндік үлесін қосатын болады.

Франк-Вальтер Штайнмайер мен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарақия ауданындағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне де қатысты. Жобаны неміс компаниясы жүзеге асырады. Мұнда қуаты 40 Гигаватт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу