«Титаникті» тамашалуға шыққан туристер жоғалып кетті. Атлант мұхиты қайраңында жатқан кеменің күйрендісін көру үшін түскен суасты аппараты бір күннен бері табылмай жатыр. АҚШ пен Канада құтқарушылары саяхатшыларды шұғыл іздеуге кірісті. Себебі уақыт өткен сайын оларды аман алып қалу ықтималдығы азая түспек.
Бір ғасырдан аса уақыт бұрын батып кеткен «Титаник» кемесі Атлант мұхитында Канаданың оңтүстік-шығыс жағалауынан 600 шақырым жерде 3800 метр тереңдікте жатыр. Осы апат орнына жеке компания туристерді өткен апта алып кеткен. Бірақ Титаник қайраңдаған тұсқа түскеннен кейін екі сағат өткенде шағын сүңгуір қайықпен байланыс үзілген. Құтқару операциясына кіріскен екі ел кемелері мен ұшақтарын аттандырды.
Джон Маугер, жағалау қызметінің тыл адмиралы:
Іздеу орны Код мүйісінің шығысында шамамен мың жарым шақырым жерде орналасқан. Яғни шалғай аймақта 3963 метр су тереңдігінде іздеу жүргізу міндеті тұр. Су асты кемесін тауып, борттағы адамдарды құтқару үшін қолда бар барлық кемені қосып жатырмыз.
Биылғы бесінші экспедициясына шыққан «Титан» шағын суасты кемесінің бортында 5 адам: капитан мен 4 турист болған. Әдетте арнайы саяхат 8 күнге созылады. Оның ішінде жолаушылар кеме қайраңдаған жерге жеткенде суасты қайығына ауысып, «Титаникті» өз көзімен көру үшін 4 шақырым тереңдікке түседі. Ұзын саны 8 сағатқа созылатын осы сәт үшін әрбір турист 250 мың долларға дейін төлейді. Яғни екінің бірің қалтасы көтере бермейтін саяхат.
Ларри Дейли, сарапшы:
Бортта дербес тыныс алу жүйесі бар, егер ол дұрыс сақталса онда су астында бірнеше сағат қалуға болады. Мен мұндай суасты кемесімен мұхит астында он екі сағаты болдым. Одан бері технология жаңарды. Сондықтан олар аман қалады деген үмітім басым.
Ал мамандардың айтуынша, Титаникке кеткен «Титанның» бортындағы оттегі апат болған жағдайда 96 сағатқа жетеді. Яғни, құтқарушыларда әрі кетсе бір жарым тәулік бар.
Жалғас Сәдібекұлы