Алматының алғыр шәкірттері инновацияға ден қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының алғыр шәкірттері инновацияға ден қойды

21.06.2023

Алматының алғыр шәкірттері инновацияға ден қойды. Мәселен, Тимур Қырбасов қала көшелері туралы қызықты деректерді ұсынатын мобильді қосымша ойлап тапты. Ал Шолпан Амангелді жердің азон қабаты мен ауадағы газдарды зерттейтін Nano спутник жасап шығарды. Жоба халықаралық өнертапқыштар байқауында үздік атанып, алтын медальға ие болды.


Қала тарихымен таныстыратын қосымша

Тимур Қырбасов жасаған мобильді қосымша көше немесе аялдамаға жақындаған кезде автоматты түрде нысан туралы танымдық әрі тарихи ақпарат береді. Қазір жоба дайын. Шілде айының соңында толық іске қосуды жоспарлап отыр.

Тимур Қырбасов, оқушы:

Бір жарым жыл бұрын ІТ саласына қызыға бастадым. Мобильді қосымшаны жасауды үйрендім. Бұл жоба Алматы мен елімізде ғана емес, әлемді жақынырақ танып, білуге көмектеседі. Әр қиылыстың, көше аты мен нысандар туралы толық мағлұмат ала аласыз.


Оқушы спутник жасап шығарды

Шолпан Амангелді – оқушылар арасында алғаш рет наноспутник ойлап тапқан тапқыр қыз. Құрылғының атқарар қызметі көп. 50 шақырым биіктікке дейін көтеріле алады. Ауаның құрамын зерттеуге, жер сілкінісін алдын-ала болжауға, тіпті, жасанды жаңбыр жаудыруға қауқарлы. Қазір барлық сынақтан сәтті өтіп, соңғы жұмыстары ғана қалған.

Шолпан Амангелді, оқушы:

Гелий шары және парашютпен ең соңғы штрихтары жасалып жатыр. Спутниктің түсуін жоспарладық. Спутник басқа мемлекеттің аумағына құлаған жағдайда саяси резонанс немесе конфликт тудырады. Егер спутник біз қойған радиустан тыс шыққан жағдайда спираль ретінде өзі ұшқан жеріне түседі.

Бұдан бөлек спутниктің көкке көтерілуіне халықаралық келісім мен бірқатар құжат қажет екен. Жоба жуырда Индонезияда өткен жас өнертапқыштар байқауында ең үздік жұмыс атанды. Тимур Қырбасовтың та үлкен арманы бар: мобильді қосымшасын одан ары дамытып, еліміздің әлемге танылуына үлес қосу.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу