Волонтерларға сақтандыру шарты қарастырылуы керек. Халықаралық форумға қатысушылар бүгін осы мәселені көтерді. Себебі олар қауіпті жерлерде жиі жүреді. Мамандар да еріктілердің амандығына кепілдік керек дегенді айтты. Бұл тоқыма бұйымдары шала туған сәбилерге ауадай қажет. Мұндағылар оны жақсы түсінеді. Сондықтан шақалақтардың жетіліп кетуіне көмегін аямайды. Әрі қыметін бұлдаған емес. Тегін таратады.
Гүлниса Күлімжанова, волонтер:
Мынадай тоқылған шұлық керек екен балаға. Баланы қышытқан сайын қан айналымы дұрысталады. Бала демалады екен. Менің қол өнерім, менің тоқымам бір бала болсын жақсылық әкеліп, оның әрі қарай өмір сүруіне көмектесіп жатқанына қуаныштымын.
Абылайхан - білікті дәрігер. Қолы қалт етсе ауыр науқастар жатқан онко орталықтар мен хоспистарға жүгіреді. Бұл жұмысқа оны ешкім міндеттемейді. Ішкі қалауы.
Абылайхан Әбдіраш, «Қазақстанның медициналық жастары» РҚБ төрағасы:
Бұл волонтерлық жүрек қалауы. Бос уақытымзды, жұмыстан тыс уақыттарымызды ел игілігі үшін атқаруға шешімді біз қабылдап қойғанбыз. Және сол жолдан таймай 10 жыл жұмыс істеп келеміз.
Ал Мәдинаның мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ерік-жігері шектеусіз. Оған біреу емес, керісінше ол көпке көмектесіп жүр. Ағылшын тілін тегін үйретеді. БҰҰ-ның еріктілер құрамасының алғашқы волонтеры.
Мәдина Қарсақбаева, БҰҰ Еріктілер құрамасының волонтеры:
Әртүрлі жастарға адамдар, әр түрлі диагнозбен. Бірақ олар ағылшын тілін оқимыз деген лебіздерін білдірді. Өзім волонтер болғаныма бірнеше жыл болды. 02.58. волонтерлық маған ерекше сезім береді. Адамдарға пайда бере алатынымды сонымен қатар басқа адамдармен тіл табысып, кездесіп, мүмкіндіктерін көбірек ашады. Диагнозға ештеңеге қарамастан, жүректен-жүрекке мейірімділігін беруге шақырады. Сол үшін ерекше.
Волонтерлық жас таңдамайды. Көпке көмегін тигізіп жүргендердің арасында жас та, жасамыс та көп. Эльдар 16 жасында үш ғылыми жаңалық ашқан. Әрі табиғат жанашыры.
Эльдар Мінәж, волонтер:
Қызылорда облысында жазғы мезгілдерде күріш егеді. Яғни күріштік арналарда суы тартқан кезде балықтың шабақтары қалады. Өзіммен бірге ерікті 7-8 жасты ерте отырып, жыл сайын орта есеппен 100 мың 150 мың көлемінде балықтарды ерікті түрде құтқарып, оны Сырдария өзеніне жіберіп, экологиямызға бір үлесімді қосамын.
Бұл ізгіліктің нұры төгілген бірнеше мысал ғана. Осындай қайырымдылықтың көшіне ілескен істердің қатары көбейіп келеді. Қазір елімізде волонтерлардың ресми саны – 200 мыңнан асады. Бұл 3 жыл бұрынғы көрсеткіштен үш есеге көп. Халықаралық форумға 34 елден 400-ден аса делегат келді. Бәрі бір-бірінен қызметтің жаңа қырларын үйренуге бейіл.
Мейид Алькахтани, Қатар волонтерлар делегациясының басшысы:
Былтыр футболдан әлем чемпионатында 20 мыңға жуық волонтер қатысты. Біз үлкен тәжірибе жинадық. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Сондықтан Қазақстанда өтіп жатқан форумға арнайы келіп, тәжірибе алмасуды мақсат тұттық.
Ширин Абидова, Өзбекстан волонтерлар қауымдастығының жетекшісі:
Орталық Азия елдерінің халқында волонтерлық қанында бар. Себебі, көмектесу, бөлісу, бағыттау сынды қасиеттің бәрі бізге таңсық емес. Көп адам тіпті волонтер екенін өздері де білмейді. Аймақтағы елдер енді бірігу керек. Бірлесе әрекет етсек үлкен күшке айналамыз.
Волонтерлардың қызметіне көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Жиналғандар осындай ой тастады. Әсіресе олардың өмірін сақтандыру мәселесін қолға алуды ұсынып отыр. Өйткені, қауіпті жерлерге бірінші жететін солар. Сондықтан кепілдік шартын міндеттеу керек дейді жиналғандар.
Асима Нұрбайқызы