Маңғыстауда сыныптастарымен теңізге барған оқушы суға кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда сыныптастарымен теңізге барған оқушы суға кетті

20.06.2023

Маңғыстауда 9-сынып оқушысы суға кетіп, қайтыс болды. Тағы 4 бала ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Жасөспірімдер мектеп бітіргендерін атап өту үшін Каспий теңізінің жағалауына барған. Рұқсат етілмеген аумақта шомылған оқушылардың жанында сынып жетекшісі де болған. Оқиғаның мән-жайын Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Теңіз жағасында демалыс ұйымдастырған 21 бала осы 9 мектептің оқушылары. 9 сыныпты бітіргенін тойламақ болған оқушыларды сынып жетекшісі бастап барған. Өкінішке орай жасөспірімдердің бірі абайсызда суға кетіп қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалды.

Мектепте бірен саран мұғалім ғана жүр. Оқыс оқиғадан кейін есеңгіреп қалғандары байқалады. Мектеп директорының айтуынша, мұғалімдерге және 9 бен 11-сыныптың түлектеріне табиғат аясына шығуға болмайтындығы, бірнеше рет ескертіліпті.

Батырбек Демократұлы, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы:

Мұғалім осы мектеп әкімшілігіне хабарлауға, ескертуге міндетті болатын. Алайда ол процесс жүзеге аспай қалды.Нәтижесінде осындай үлкен келеңсіз оқиғалардың болуына себепкер болып отыр. Сондықтан мектеп директоры, тәрбие жөніндегі мектеп директорының орынбасары сонымен қатар, сынып жетекшісі қатаң тәртіптік шараға қолданатын болады.

Оқушылар Ақтау қаласынан 80 шақырым жердегі «Көк шығанақ» деп аталатын теңіз жағалауына барған. Олардың қасында сынып жетекшісі және 3 ата-ана болған. Түс ауа шомылып жүрген 5 бала суға батып кетеді. Олардың үшеуі жағаға өз күштерімен шығып, екеуін куәгерлер құтқарған. Алайда ауруханаға бара жатқан жолда жасөспірімнің бірі,16 жастағы оқушы қайтыс болды. Қалған 4еуі балалар ауруханасына жеткізілген. Бүгін 2 жасөспірім үйіне шығарылды.

Манасбай Иниятов, дәрігер травматолог:

Бір баланың жағдайы орташа ауыр, емдерін алып жатыр. 4 бала бүгін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Жағдайы ауыр. Динамикасы тұрақты деп айтылады. Суға батқан кезде балдарда аспирациялық пневмония деген болады, өкпеге су кетеді де балада тыныстың жетіспеушілігі байқалады сондай жағдаймен жатқызылды.

Оқушының өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан, тыйым салынған жағалауға барған ата-аналарға және мұғалімге 7 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал сынып жетекшісі әрі, мектептің психологы бола тұра оқушыларға тоқтау салмаған мұғалімге нақты қандай шара қолданылатыны белгісіз. Әзірше тек сөгіс жарияланған.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу