Маңғыстауда мектеп бітіргенін атап өтпек болған оқушы суға батып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда мектеп бітіргенін атап өтпек болған оқушы суға батып кетті

20.06.2023

Маңғыстауда мектеп бітіргенін атап өтпек болған оқушы суға батып кетті. Тағы 4 бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Олар сынып жетекшісімен бірге теңізге шомылуға барған.

Қайғылы оқиға Ақтау қаласынан 80 шақырым жердегі «Көк шығанақ» деп аталатын теңіз жағалауында болды. Онда Мұнайлы ауданының 9-сынып бітірген 24 оқушысы автобус жалдап, оқу жылының аяқталуын атап өту үшін барған. Олармен бірге сынып жетекшісі де болған. Алайда оқыс оқиға орын алып, 5 жасөспірім суға кете жаздаған. Олардың үшеуі өз күштерімен жағаға шыққан. Ал екеуін куәгерлер құтқарыпты. Алайда ауруханаға бара жатқан жолда жасөспірімнің бірі, 16 жастағы оқушы қайтыс болды. Қалған төртеуі облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер 15 жасар қыз баланың жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатқанын жеткізді. Тағы 3 жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр. Баланың өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалған. Ал тыйым салынғанына қарамастан, теңізге баруға рұқсат берген мұғалімге сөгіс жарияланды. Айта кететін жәйт, биыл шомылу маусымы басталғалы 6 адам суға кетті. Оның үшеуі жасөспірім.


Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу