Жамбыл облысында 180 елдімекенде мәдениет үйі жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 180 елдімекенде мәдениет үйі жоқ

19.06.2023

Жамбыл облысында 180 елдімекенде мәдениет үйі жоқ. Ал, 160 ауылда халық саны аз болғандықтан клуб мүлде салынбайды. Түркістанда өткен құрылтайда ауыл-аймақтарда рухнияттың мәйегі болған мәдениет үйлерін көбейту қажеттігі айтылды. Әріптесім Данияр Әлімқұл өңірдегі бірқатар ауылдарды аралап шықты.

Бұл Үлгілі ауылы. Елдімекендегі жалғыз мәдениет ошағы тәртіп сақшысы отыратын кеңсе секілді. Өйткені есігін учаскелік полицей ашып-жауып жүр. Ішінде өзінен басқа жан баласы жоқ. Клубқа жапсарлас салынған жалғыз кітапхананы да көрмек болдық.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ауылдық кітапхананың есігі айқара ашық... емес! Сағат үштен кетті. Бірақ Үлгілі ауылдық кітапханасы үлгі алатындай болмай тұр.

Мәдени ошақтардан мән іздеп, Бұрыл ауылына да бұрылдық. Мұндағы клубта ән әуелеп, күй күмбірлеп тұр. Бірақ 15 мың халқы бар ауылда балалар үшін артық бөлме табылмапты. Сондықтан ұстаздары домбыра үйірмесін дәлізде өткізуге мәжбүр. Ал сахнада саз сабағы өтеді.

Күлпан Баймаханбетова, домбыра үйірмесінің жетекшісі:

Осы балаларға арнайы домбыра үйірмесіне бөлме болғанын қалаймыз. Өйткені балаларды көріп отырсыздар залда дайындаламыз.

Бұрылдағы кітапхана есігі де жабық тұр. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметкерлері жиналыста жүргенін айтты. Жалпы Жамбылда 377 елді мекеннің 197-інде ғана мәдениет үйі бар. Алдағы 4 жылда тек 34 нысан салынбақ.

Асхат Тәжаяқов, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

Биылғы жылдың өзінде 14-інің құрылысы басталды. Жыл аяғына дейін 9-ның құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Бұл 197-ден өседі деген сөз.

Ал облыс әкімдігі 160 елді мекенде мәдени нысандар салынбайды деп ашып айтты. Өйткені салалық министрліктің бұйрығы бойынша халық саны мыңға жетпейтін елді мекендерге руханият ордасын салудың мәні жоқ көрінеді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу