Азық-түлік импортын алмастыру мүмкін болмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлік импортын алмастыру мүмкін болмай тұр

19.06.2023

Қазақстан жыл сайын 21 млрд доллардың тауарын импорттайды. Тіпті, ішкі нарыққа жеткілікті мөлшерде өндіріп отырған көкөністерді де сырттан тасимыз. Негізгі себебі ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың дұрыс үйлестірілмеуі. Бүгін мәжілістегі үкімет сағатында осы мәселе көтерілді. Былтыр Қазақстанда 4 млн тоннадан астам картоп, 600 мың тоннадай сәбіз бен 1 млн тонна пияз өндірілген. Бұл ішкі нарықты қамтуға жеткілікті. Десе де, жыл сайын қыс-көктемде тапшылық болып, баға өседі. Соңы инфляцияның жеделдеуіне соқтырады. Министр Ербол Қарашөкеев негізгі себеп өнімді ұзақ сақтайтын қоймалардың жетіспеушілігінде дейді.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

2023-25 Жылдар аралығында 135 мың тонна көкқөніс қоймаларын соғамыз деп жоспарымыз болған. Қазір оны қайта қарадық. Ол жоспарды қазір 658 мың мтоннаға дейін өсіріп отырмыз. Яғни 4 есе өсіріп отырмыз. Соққан кезде 25 пайыз субсидия төленетін болған. Қазіргі таңда біз өзгеріс енгізіп, вентиляция жүйесі тоңазытқыштар болатын болса 40-50 пайызға дейін өсіріп отырмыз.

Әлеуметтік маңыздағы 29 азық-түлік түрінің 12-сі өзімізде өндіріледі. Бірақ бәрібір импортқа тәуелдіміз. Мысалы қант. Былтыр қант өндірісін дамуты үшін құны 500 млрд теңгеге жуық болатын кешенді жоспар құрылған. Өткен жылы 3,6 млрд теңге субсидия берілсе биыл қолдау 4 есе артып, 14 млрдтан асқан. Бірақ нәтиже жоқ. 2020 жылы отандық өндіріс ішкі сұраныстың 9 % қамтамасыз етсе, 2021 жылы – 7 %, ал 2022 жылы - 6 % дейін төмендеген. Бұндай шикіліктің астарында мемлекеттік органдардың нәтиже емес есеп, рейтинг үшін жұмыс істеуі тұр дейді депутаттар.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі:

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар! Мұндай жағдайға әкімдіктер қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан өзара жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр. Біздің ойымызша, статисканың анық әрі дәл болмауы Үкімет қабылдаған барлық шаралардың тиімділігін жоққа шығарады.

Көкөніс дақылдарының тұқымы бойынша 95 %, ал жеміс көшеттері бойынша 80% импортқа тәуелдіміз. Былтыр осыларға 60 млрд теңгеден астам қаржы кеткен. «Басқа сөзбен айтқанда, шет мемлекеттердің тұқым шаруашылығына белсенді қолдау көрсетіп, дамытып отырмыз. Сондықтан отандық өндірушілерді қолдау үшін берілетін субсидия мәселесін қайта қарау қажет деді депутаттар.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу