Президент Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түркістанда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді

16.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді. Ал бүгін құрылтай қарсаңында шағын топтармен секция отырыстары басталып кетті. Оның аясында қоғамдық даму, этносаралық бірлестікті нығайту, қазіргі заманғы әдебиет пен отандық киноны дамыту тақырыптары қозғалды. Қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар мәселелер де құрылтайда қаралды. Ол үшін былтыр Egov платформасында арнайы өтініш қабылдау тетігі іске қосылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, оған 11 бағыттағы 424 ұсыныс келіп түскен.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Олардың ішінде ең көп дауыс жинаған ұсыныстардың қатарында банкттегі шотты бұғаттауды алып тастау, банктің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азық-түліктің жоғары бағасына байланысты шектеулер енгізу, жалақы көтеру, мемлекеттік тілді мәртебесін көтеру сияқты тақырыптар бар. Бұлардың барлығы да құрылтай жұмысында ескеріледі деп ойлаймын.

Қатысушылар екінші құрылтайдың киелі Түркістанда өткізуінде үлкен мән жатыр дейді. «Бұл шаһар бүкіл Түркі дүниесінің алтын бесігі», - дейді профессор Дихан Қамзабекұлы.

Дихан Қамзабекұлы, Филология ғылымдарының докторы, профессор:

Менің түсінігімде, Түркістанда өтуі тарихқа құрмет. Екінші өзіміздің құндылықтарымызға құрмет, үшінші жаңғырған Қазақстанның, жаңарған әділетті Қазақстанның бүгінгі мүмкіндіктерін айқындау. Жалпы қоғам мен билік арасындағы түрлі мәселелерді оңтайлы шешу және халықтың пікіріне құлақ асатын, сонымен бірге түрлі ұсыныстардан байлам шығаратындай дүниелерді күн тәртібіне шығарып отырмыз.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу