Басты Жаңалықтар Шымкент-Самара тас жолы көп жылдан бері жөндеу көрмей келеді

Шымкент-Самара тас жолы көп жылдан бері жөндеу көрмей келеді

Ақтөбе облысы аумағындағы Хромтау-Қарабұтақ тас жолымен жүретін көлік жүргізушілері жыларман күйде. Өйткені асфальт жамылғысының сау-тамтығы қалмаған. Сондықтан жолаушылар сағаттап уақыт жоғалтады. Азапқа айналған жолмен әріптесім Жақсыбек Кемал жүріп келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз Хромтау қаласы мен Бөгетсай ауылының ортасында тұрмыз. Бұны республикалық маңыздағы жол деп айтудың өзі ұят. Өйткені бар болғаны 60 шақырым болатын бұл аралыққа жүргізушілер екі сағатқа жуық уақыт жоғалтуға мәжбүр.

Бұл жолдың бойынан доңғалағы жарылып, тұрып қалған көліктерді жиі кездестіресіз. Әсіресе, күн сайын сапарға шығатын такси жүргізушілеріне қиын. Өйткені олар мынадай жолмен жүру нағыз сынақтың өзі дейді. Солардың бірі Ырғыздан Ақтөбеге келе жатқан Ғазиз Қадіров. Ол жол бойы көлігінің доңғалағын екі рет ауыстыруға мәжбүр болыпты.

Ғазиз Қадіров, көлік жүргізушісі:

Міне, мына тесікке соғып алдық, баллон, дискі майысып, баллонның желі шығып кетіп жатыр. Қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Барып-қайтқанша екі-үш рет осындай жағдай болады. Тапқанымыз баллонға. Дискі іске аспай қалады.

Самара-Шымкент тас жолымен шет елдік көлік жүргізушілері де көп жүреді. Олар да мұндай жолды басқа еш жерде кездестірмегендерін айтады.

Расулхон Мурадуллаев, көлік жүргізушісі:

Бұл жолды жөндеу керек қой. Мысалы, Өзбекстанда мұндай жол жоқ. Қазір Ресейден келе жатырмыз. Осы аралыққа келген кезде көңіл-күйіміз түсіп кетеді. Айналып жүретін басқа жол жоқ.

Бұл жолдың салынғанына 20 жылға жуықтады. Қазір оның бетіндегі шұңқыр, тесігін санап шығудың өзі мүмкін емес. Дегенмен жауаптылар жүргізушілерді азапқа салған тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғалы жатқанын айтты.

Нұрлан Нұрғали, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

Жоба құны ағымдағы және күтіп ұстау жұмыстарының аясында тегістеу қабаттарын салуға 1 млрд ақша бөлінді, республикалық бюджеттен.Тегістеу қабатын саламыз, бұзылған жерлерін аламыз да, фрезерлейміз. Сосын жаңа асфальт төселетін болады.

Мердігер мекеме өкілдері жөндеу жұмыстарын шілде айының аяғына дейін бітеріміз деп отыр. Оған 25 техника мен 40-қа жуық маман жұмылдырылады.

Жақсыбек Кемал

Бөлісу