Жамбылда жаңа төселген асфальт бір күнге жетпей бүлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда жаңа төселген асфальт бір күнге жетпей бүлінді

15.06.2023

Жамбылда жаңа төселген асфальт бір күнге жетпей бүлінді. Меркі ауданы, Сұрат ауылының халқы асфальт жабындысы аяқпен басқанда «бордай үгітілетінін» айтады.

Желіге жүктелген бейнероликте тұрғындар «асфальтқа жұмсалған ақша ауаға кеткен» дейді. Олар жол жөндеу жұмысына 77 млн теңге жұмсалғанына сенбейді. «Төселген жол текеметтің жұқалығындай» деген тұрғындар, бұған әкімдік пен мердігерді кінәлап отыр. Айтуларынша, жолды саларда астыңғы қабатын тығыздамаған. «Битум қоспасын борпылдақ топырақтың бетіне төсей салған» деп ашынады.

Сұрат ауылдық әкімдігі жолға қатысты мемлекеттік тапсырысты өздері жасаған. Шарт бойынша мердігер компания ауылдағы 8 жолды жаңартуы тиіс. Әр көшеге кемі 5 млн-нан бастап 19 млн теңгеге дейін қаржы қаралған. Аудан әкімдігінің айтуынша, бұл даурығатындай дүние емес. Өйткені тас жолды әлі қабылдамаған. Әзірге техникалық бақылау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Сондай-ақ жол сапасын әлі 5 мекеменің сарапшылары тексерістен өткізетінін айтты.

Қайрат Арғымбаев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары: 

Ауыл әкімі атынан мердігер мекемеге ақаулықтарға байланысты ескерту берілген. Мердігер мекеменің «20 маусымға дейін анықталған ақауларды қалпына келтіреміз» деген уәдесі бар. Сараптама негізінде ғана жол қабылданады. 



Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу