Мәжілісте бірнеше заң жобасы талқыланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте бірнеше заң жобасы талқыланып жатыр

14.06.2023

Мәжілісте бірнеше заң жобасы талқыланып жатыр. Соның бірі «Ұлттық қордан — балаларға» жобасы. Инвестициялық табыстың тең жартысы 18 жасқа дейінгі балалар арасында теңдей бөлінеді. Қаржы білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталмақ. 

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Тетіктер әлі де толықтырылып жатыр. Бүгін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әзірге анығы қордан түсетін қаражат доллармен жиналады. Бала кәмелет жасқа толғанға дейін шамамен 3.5 мың долларға жетеді екен. Бала 18 жасқа толғаннан кейін де шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады.

Егер сол аралықта қолданылмаса зейнетақы шотына аударылады. Бір отбасында кәмелет жасқа толған бірнеше баланың есепшотына жиналған қаржыны біріктіріп, баспана алу мақсатында қолдануға болады. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі балалар 18 жасқа толмай-ақ жиналған қаражатты пайдалана беру туралы ұсыныс алдағы уақытта қарастырылатын болады.

Қазір Мәжілісте «Кәсіптік біліктілік туралы», «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық» және Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң жобалары талқыланып жатыр. 


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу