Өскемен-Алтай-Қатонқарағай-Рахман Қайнары автокөлік жолының құрылысы аяқсыз қалатын түрі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен-Алтай-Қатонқарағай-Рахман Қайнары автокөлік жолының құрылысы аяқсыз қалатын түрі бар

12.06.2023

Өскемен-Алтай-Қатонқарағай-Рахман Қайнары автокөлік жолының құрылысы аяқсыз қалатын түрі бар. Өйткені 7 жыл бұрын басталған жобаға бүгінге дейін ел қазынасынан 16 милииард теңге бөлінген. Бірақ жұмыс тоқтап тұр. Республикалық маңыздағы жолды жаңғырту неге созбалаңға түскенін тілшіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.

Өскеменнен Рахман Қайнарына дейін 450 шақырым. Бұл шығыстағы ең күрделі әрі қиын жол. Сондықтан үнемі күтіп-баптауды қажет етеді. Ал 2017 жылы сәл қысқарту үшін төте жолдың құрылысы басталған. Бастапқыда жұмыс қарқынды жүрген. Бірақ соңғы бір екі жылда мүлде тоқтап қалды.

Әмина Асқарқызы, жолаушы:

Мен өзім студент кезімде 2003-2005-те бітпеген жол болатын. Әлі күнге дейін бітпепті. Енді осы жылы бір үмтекеп келе жатқан едік. Жол бітіп жақсы шығар деп. Жоқ, әлі сол қалпы екен.

Дәулет Ауметұлы, Алтай ауданының тұрғыны:

Әсіресе, қыста көктайғақ қиын болады. Өр-еңіс. Түсесің, көтерілгенде бұрылыстардан айналғанда КамАз келеді. Қарсы бағытқа. Ол кезде де қиын.

Қиын болса да жүргізушілерде басқа таңдау жоқ. Қатонқарағай мен Алтай ауданына тек осы жол арқылы қатынайды. Көктем мен күзде Зайсан мен күршімідіктер жүреді.

Олжас Керейхан, тілші:

Тау арасындағы бұралаңы көп бұл жолда әр үш минут сайын бір көлік өтеді. Әсіресе жазда нөпір қалың. Ал қыста қар мен бораннан екі күннің бірінде жабық тұрады. Жол қиын болғандықтан көлік апаты да жиі болады. Сондықтан қауіпті азайту үшін, төте жол құрлысы 7 жыл бұрын басталған. Бірақ оның қашан аяқталатыны белгісіз.

Белгілісі жаңғыртылуы тиіс 32 шақырым жолдың қысқа бөліктеріндегі жұмыс ғана аяқталды. Бірақ ол әлі толық пайдалануға берілген жоқ. Қазір ең қиын негізгі екі аумақ бітпей тұр.

Алмаз Қасенов, «Қазавтожол» ҰК облыстық филиалының бөлім басшысы:

Екі учаскеден тұрады дедік қой. Ол мемлектетік сараптамадан өту керек. Бірінші участок мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі уақытта екінші учаскеде жобаны түзету жұмыстары жүргізілуде.Мемлектетік сараптама жұмысының қорытындысы ағымдағы жылдығ шілде айының соңында болады. 

Он алты шақырым болатын бір бөлігіндегі жұмысты аяқтау үшін биыл он бір жарым миллиард теңге бөлінді. Қазір тендерді жеңіп алаған мердігер мекеме геодезия жұмысын ғана бастады. Ал екінші бөлігіндегі 16 шақырымға қажетті қаражат қалай бөлінеді, жұмыс та солай басталмақ. Сондықтан 7 жыл бұрын басталған төте жолдың төңірегіндегі мәселе әлі талай жылға созылатын түрі бар. 

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу