Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Абай облысына жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Абай облысына жол тартты

12.06.2023

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен және эвакуациялық пункттердегі балалармен кездесу үшін Абай облысына жол тартты. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жазған. Динара Закиева бұл лауазымға Президенттің өкімімен бүгін тағайындалды. Бірден іске кіріскен уәкіл желіде жеке телефон нөмірін жазып, халыққа әрдайым ашық екенін білдірді. Динара Закиева «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, елдегі және шетелдердегі іргелі университеттер мен академиядан білім алған. Еңбек жолының басым бөлігінде тап осы сала, яғни балалардың құқығын қорғау бағытында еңбек етіп келеді. Мәселен, «Қасиетті Жол» қоғамдық қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы, Астана қаласында балалар үйінің директоры, отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының басшысы сияқты лауазымда қызмет атқарған. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымының депутаты болды. Сол уақытта елімізде 3 миллионға жуық отбасы мемлекет қолдауына мұқтаж екенін айтып, өңірлердегі әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын құруды ұсынып, басқа да өзекті мәселелерді көтерген болатын.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу