Экологтар: Абай облысындағы орманды қалпына келтіруге 50 жыл қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологтар: Абай облысындағы орманды қалпына келтіруге 50 жыл қажет

11.06.2023

Былтыр Қостанай облысындағы алапат өрттен соң «Апта» бағдарламасында орман шаруашылығының проблемалары көтерілді. Жер көлемі бойынша 9-орында деп мақтанатын Қазақстанның 4 пайыздайы ғана – орман алқаптары. Жыл сайын он мыңдаған гектар орман алқаптары жанып кетсе, не қалады? Экологтар күйген алқаптардың қалпына келіп, қайта жасыл желек шығуы үшін 50 жыл керек екенін айтады. Жарайды, ағаштар өсер... Осындай қиын әрі рақметі жоқ қызметте жанкештілікпен жүрген орманшылардың күні не болады? Былтыр жанымызды шүберекке түйіп, Аманқарағайдың амандығын тілеп отырғанда сабақ алмадық па?!

Қазақстанда орман шаруашылықтарының 60 пайыздайы ғана материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген. Орманшылардың айлығы да мардымсыз, 50-60 мың теңге төңірегінде. Ең жоғары дегені: 90 мың теңге. Елорда іргесіндегі, мемлекет қорғауындағы «Жасыл аймақ» орманшылары алады. Салдарынан маман тапшы...

Бұл мәселелердің бәрін жаңа Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов ескерсе екен дейміз. Ол әр жылдары Алматы, Көкшетау, Жамбыл облысының төтенше жағдайлар саласында басшылық қызметте болған. 2021 жылдан бері Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы болды. Дәл осы мекеме - Қазақстандағы құтқарушыларды дайындайтын жалғыз академия.

Ал шілдеден бастап Табиғат қорғау мекемелерінің жалақысы өсуі әрі денсаулыққа және өмірге зиян келтіру қаупімен байланысты жұмыс үшін қосымша ақы төлене бастауы тиіс. Былтырғы төтенше жағдайдан кейін үкіметтің шешкені. Айлықтан бұрын, ескерілгенін сезіп үлгермей, өмірден өткен 14 семейлік орманшы ойға орала береді...

14-і де - Новошульбі орман шаруашылығындағы ең білікті мамандары. Олар өрт басталған бетте, қызыл жалынды сөндіруге аттанған. Біраз уақыттан соң хабар үзіліпті. Әріптестері, Алмагүл Жұмағазина туыстай болып кеткен аға-бауырларымнан әп-сәтте ақ айырылып, қайғыдан қан жұтып қала бердік, дейді. Опат болғандардың орманшылардың ішінде бір отбасының мүшелері, тіпті зейнетке шығып кетсе өрт сөндіруге көмектесуге барған тәжірибелі маман да қаза болған.


Хабарламаларға жазылу