Еуразиялық конгресте өзекті мәселелер талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық конгресте өзекті мәселелер талқыланды

11.06.2023


Сочи қаласында 20 елдің өкілдері бас қосып, Еуразия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады. Еуразиялық конгресс – бұл бизнес, қаржы институттары, сарапшылар және үкіметтер арасындағы ашық диалог алаңы. Кездесуде цифрлық трансформация, көлік инфрақұрылымын дамыту сияқты мәселелер қозғалды.

Қазақстан халықаралық көлік дәліздерін дамытуды жандандыра түсуде. Өйткені көлік инфрақұрылымы кей жерлерде 40 кей жерлерде 100 пайызға дейін тозған. Бұл салада цифрландыру мәселесі маңызды. «Ақтау» және «Құрық» теңіз порттары, «Қорғас» орталығы, сондай-ақ Сиань құрғақ портындағы жоспарланған логистикалық орталық әлемдік нарықтарға қосымша қақпа бола алады.

Индира Бегайдар, тілші:
Ресей шекарасынан Қазақстан арқылы Қытайға дейінгі «Бақты-Аягөз» теміржолының құрылысы. Бұл жоба Еуразиялық даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа көлік жолы тауарларды жеткізу қашықтығы мен мерзімін айтарлықтай қысқартады деп күтіліп отыр. Тағы бір маңызды салалардың бірі – ауыл шаруашылығы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыру 2035 жылға қарай 600 млн адамның азық-түлік қажеттігін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 240 млн тұрғылықты халық және 360 млн-ға дейін үшінші елдердегі тұрғындар. Келешекте аймақтың азық-түлік өнімдерінің экспорты 2 есеге – 74 млрд долларға дейін артуы мүмкін.
Конгресске қатысушылар барлық бағыттар бойынша Еуразиялық даму банкінің маңызды рөлін айтып өтті. Мәселен, Банк ЕАЭО шеңберіндегі қызметінің 17 жылы ішінде құны $13 млрд-тан асатын, табысты 257 жобаны қаржыландырды.

Виктор Лебедев, Еуразиялық даму банкінің стратегиялық жобалар директоры: Сондай-ақ біздің банк Орталық Азиядағы су мәселесіне де ерекше назар аударып отыр. Бұл- өңірдегі басты проблемалардың бірі. Сондықтан бұл салада Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер ынтымақтастықты күшейтуі тиіс.Егер бүгінгі күні өңірдегі мемлекеттер соңғы технологиямен жабдықталса, су шығыны екі есе аз болар еді.
Яғни бұл салаға да инвестиция тарту керек. Өйткені 20 жылдан соң су тапшылығы 3 есе ұлғаюы мүмкін. Жалпы конгрессте Еуразия кеңістігінің болашағы, трансшекаралық, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жайы да назардан тыс қалған жоқ.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу